2026 жылғы 12 ақпанда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Студенттер қалашығы мамандарының ұйымдастыруымен №18 Студенттер үйінде «Заң мен тәртіп» тақырыбында жиналыс өтті.
Жиналыстың мақсаты – студенттер арасында құқықтық сауаттылықты арттыру, заң талаптарын түсіндіру және құқықбұзушылықтың алдын алу болды. Кездесу барысында қоғамдағы тәртіп пен қауіпсіздікті сақтау, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік, жастар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мәселелері кеңінен талқыланды.
Жиналысқа Бостандық аудандық полиция басқармасының инспекторы аға лейтенант Шерим Дамир Оразұлы және Заң факультетінің әлеуметтік-тәрбие жұмысы жөніндегі деканның орынбасары Есламғалиев Жақсылық Русланұлы қатысты. Инспектор студенттерге қоғамдық орындардағы тәртіп ережелері, интернет алаяқтықтың алдын алу, есірткі құралдарының заңсыз айналымы және тұрмыстық құқықбұзушылықтар жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, заң талаптарын сақтаудың маңыздылығына тоқталып, туындаған сұрақтарға жауап берді.
Кездесу соңында студенттер өз пікірлерімен бөлісіп, көкейлеріндегі сұрақтарын қойды. Жиналыс мазмұнды әрі пайдалы форматта өтіп, қатысушыларға құқықтық мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығын ұғындыруға бағытталды.


