«ТАМЫРЫ ТЕРЕҢ ЖЫР – ҒҰМЫР»Farabi University

«ТАМЫРЫ ТЕРЕҢ ЖЫР – ҒҰМЫР»

10 ақпан, 2026

4-ТДМ «Сапалы білім беру» бағдарламасы аясында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология факультетінің «Қазақ филологиясы» мамандығының 1-курс магистранттары қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор С. Қалқабаеваның ұйымдастыруымен көрнекті ақын, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні мәтінінің авторы Жұмекен Нәжімеденовтің 90 жылдығына арналған «Тамыры терең жыр – ғұмыр» атты әдеби-сазды, ғылыми-поэтикалық кеш өткізді.

Қазақ руханиятында айрықша орны бар ақынның туған жер мен елге деген шексіз махаббатын, азаматтық асқақ рухын, адам жанының терең философиясын танытатын өлеңдерінен құралған әдеби-сазды композицияны «Мен – тамырмын», «Менің топырағым», «Қоңыр – Рух», «Арнау» топтарына бөлінген магистранттар әсерлі орындады.

Ақынның қазақ болмысы мен рухын, еркіндігі мен асқақ арманын айқын бейнелеген «Менің Қазақстаным» әні 2006 жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні болып бекітілді. Тәуелсіздік таңы атқаннан кейін жаңа тарихи мәртебеге ие болған бұл әнді кешке қатысушылар салтанатты түрде орындады.

Әдеби-сазды, ғылыми-поэтикалық кеш барысында ақын поэзиясының рухани-философиялық тереңдігі ғылыми тұрғыда зерделеніп, танымдық қырлары жан-жақты пайымдалды. Кешке қатысқан кафедра меңгерушісі, доцент С. Дәрібай, профессор С. Ержанова, доценттер С. Қосанов, Б. Сарбасов, Н. Мәтбектер Жұмекен шығармашылығының күрделі ойға жетелейтінін, философиялық тереңдікке бойлататынын, оқырманды терең толғанысқа шақыратынын атап өтті.

Әдеби-сазды қойылымдар, поэтикалық оқулар мен ғылыми пайымдаулар арқылы кеш қонақтары мен білім алушылар Жұмекен әлеміне тағы бір мәрте үңілді. Бұл тағылымды кеш ақынның әрбір жыры ел тағдырымен, халық мұратымен біте қайнасқан, тамыры тарихтан бастау алып, бүгінмен үндесіп, болашаққа бағытталған мәңгілік мұра екенін айқын көрсетті.