ҚазҰУ зерттеушілері «Үздік ғылыми қызметкер – 2025» марапатына ие болды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 6 ғалымы «Үздік ғылыми қызметкер – 2025» сыйлығының иегері атанды. Атап айтқанда университет ғалымдары Гүлзағира Атаханова, Досбол Байғұнақов, Гүлжаухар Көкебаева, Алмагүл Құрманова, Александр Рягузов және Ирина Савицкая конкурста үздік деп танылды.


Аталған марапатты ғылым саласындағы сыйлықтар мен мемлекеттік стипендия лауреаттарын марапаттау рәсімінде ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова салтанатты түрде табыстады.

Байқаудың мақсаты – ғылым мен техниканың дамуына елеулі үлес қосқан ғылыми қызметкерлерді ынталандыру және ғылыми-зерттеу қызметін қолдау.

2025 жылы конкурсқа жеті бағыт бойынша 358 өтінім келіп түсті: «Жаратылыстану ғылымдары», «Инжиниринг және технологиялар», «Медицина және денсаулық сақтау», «Әлеуметтік ғылымдар», «Гуманитарлық ғылымдар және өнер», «Ауыл шаруашылығы және ветеринария ғылымдары», «Әскери ғылымдар және ұлттық қауіпсіздік».
Республикалық конкурстық комиссияның жұмысы қорытындысы бойынша ғылымның отандық дамуына елеулі үлес қосқан 50 ғалымға «Үздік ғылыми қызметкер» 2025 жылғы сыйлығын беру туралы шешім қабылданған болатын.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі