Ректор Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдерімен кездестіFarabi University

Ректор Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдерімен кездесті

16 ақпан, 2026

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) делегациясымен ресми кездесу өткізді. Делегацияны Қазақстандағы ДДҰ өкілі, доктор Скендер Сыла бастап келді.

Кездесу барысында ректор университет пен  Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайтудың маңыздылығын атап өтті.

Университет басшысы оқу орнының ғылыми-білім беру әлеуеті мен даму басымдықтарын таныстырып, іргелі және қолданбалы ғылым салаларындағы жетістіктерге тоқталды. 2015 жылы құрылған медицина және денсаулық сақтау факультетінің қызметіне ерекше назар аударылды. Қазіргі таңда факультетте 4000-нан астам студент білім алуда, оның ішінде 39 мемлекеттен келген 1800-ден астам шетелдік білім алушы бар. Факультеттің профессор-оқытушылар құрамы 288 маманды (401,67 штаттық бірлік) құрайды, олардың 25-і шетелдік жоғары оқу орындарының түлектері. Пәндердің шамамен 80 пайызы ағылшын тілінде оқытылады. Университет академиялық ұтқырлықты жүйелі түрде дамытып, жыл сайын шетелдік визитинг-профессорларды тартуда.

Кездесу барысында тараптар COVID-19 пандемиясы кезеңіндегі өзара іс-қимыл тәжірибесін талқылап, факультет ғалымдарының ғылыми және клиникалық зерттеулерге белсенді қатысқанын атап өтті. Зерттеу нәтижелері беделді халықаралық ғылыми басылымдарда жарық көрген.

Сонымен қатар медицина саласын цифрландыру мәселелері қозғалды. 2025 жылы ҚазҰУ базасында құрылған Медицинадағы жасанды интеллект орталығы денсаулық сақтау жүйесіне озық технологияларды енгізуге бағытталған. Орталық шетелдік университеттермен және ірі технологиялық компаниялармен бірлесіп инновациялық жобаларды жүзеге асыруда.

Келіссөз барысында ректор Жансейіт Түймебаев ДДҰ-мен ынтымақтастықты кеңейту жөнінде бастама көтеріп, алғашқы медициналық-санитарлық көмекті жетілдіру, медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыру, кадрлар даярлау және қайта даярлау бағытында бірлескен жобаларды жүзеге асыруды ұсынды. Сондай-ақ ҚазҰУ базасында жалпыға бірдей медициналық қызметтермен қамту қағидаттарын ілгерілету орталығын құру мүмкіндігін қарастыру ұсынылды.

Өз кезегінде доктор Скендер Сыла университет басшылығына жылы қабылдағандары үшін алғыс білдіріп, ҚазҰУ-дың медициналық білім беру мен ғылыми зерттеулер саласындағы әлеуетіне жоғары баға берді.  

   

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі