Есжанов Бірлікбай Есжанұлы рухына бағышталған әріптестерінің естелік жазбасы
Қазақстан зоология институты басылымы — «Қазақстан зоология хабаршысы» ғылыми журналының 2025 жылғы 6-том, №1 санында белгілі зоолог-ғалым, биология ғылымдарының кандидаты, доцент, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті биология және биотехнология факультетінде ұзақ жылдар қызмет атқарған ұстаз, РЖА профессоры, Ғылым мен білім саласының құрметті қызметкері, «Саңлақ автор» атағының иегері Есжанов Бірлікбай Есжанұлының (01.05.1945 – 23.03.2025) рухына арналған әріптестерінің естелік мақаласы жарияланды.
Есжанов Б.Е. — 400-ден астам ғылыми еңбектің авторы, отандық зоология ғылымының дамуына елеулі үлес қосқан көрнекті ғалым. Ол тек Қазақстан ғылымында ғана емес, халықаралық ғылыми қауымдастықта да танылып, өз зерттеулері арқылы әлемдік ғылымда айрықша із қалдырды. Сонымен қатар қазақ тіліндегі ғылыми терминологияны дамытуға және ұлттық ғылыми тілдік ресурстарды қалыптастыруға зор еңбек сіңірді.
Бірлікбай Есжанұлы кәсіби білігі жоғары, өмірлік тәжірибесі мол, парасатты ұстаз әрі талапшыл ғалым болды. Ол жас мамандарды тәрбиелеуге, ғылым мен білімнің өркендеуіне адал қызмет етті. Осындай тұлғаның өмірден озуы — орны толмас қайғы. Ғалымның ғылыми мұрасы мен жарқын бейнесі әріптестері мен шәкірттерінің жүрегінде мәңгі сақталады.
Басқа жаңалықтар