Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Олжас Сүлейменовтың шығармашылығы және ұлттық сананың өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми конференция өтті.
Белгілі ақын, Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері, халықаралық «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының президенті Олжас Сүлейменовтің 80 жылдық мерейтойына арналған жиын жағымды нотада басталды. Қонақтар ұлттық аспаптар ансаблінің сүйемелдеуімен танымал суретші Амандос Ақанаевтың шығармалары, оның ішінде мерейтой иесінің портреті қойылған көрмені аралады.
Пленарлық отырыстың шымылдығын түре отырып, ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанұлы Олжас Омарұлының бүгінде ел игілігі үшін қызмет етіп жүрген азаматтардың бірі әрі бірегейі екенін атап өтті. «Мен Олжас Омарұлының негізгі үш қызметін атап өткім келеді. Ол поэзия, ғылыми проза және публицистика, оның азаматтық ұстанымының іс жүзіндегі көрінісі. Ақын ретінде ол алпысыншы жылдардағы Андрей Вознесенский, Роберт Рождественский, Евгений Евтушенко, Белла Ахмадуллина, Новелла Матвеева, Юнна Мориц және өзге де танымал ақындар тізімінде ойып алар орны бар тұлға. Ол «Нет Востока и Запада нет, есть огромное слово Земля» деп әлемге жар салды. Осылайша 1961 жылдан кейін өзінің өлеңдерімен Америка мен Батыс Еуропаны баурап алды. Оның шығармашылық кештерінде зал ішінде ине шаншарлық жер болмайтын еді»,– деді ректор.
Олжас Сүлейменов – батыл әрекеттер адамы. Дәл сондықтан, қысқа мерзімде «Невада-Семей» қозғалысы құрылды. Аз уақыт ішінде нәтижелі еңбектер атқарылды. Мақсаты айқын ақындықты жанына ту еткен азамат әрқашан ел игілігі үшін қызмет етті. Әрі қарай да солай бола бермек.
«Олжас Сүлейменов өзінің ең алғашқы 1961 жылы сәуірде жазған «Адамға табын жер енді» поэмасымен бүкіл дүниежүзіне қалай танылса, сол танылған биігінен, өзінің сол рухани ұлы кеңістігінен жазбай, жаңылмай келеді. Олжастың ең басты байлығы, ең басты ерекшелігі – оның бойында қазақты әлемге танытатын үлкен рухтың, үлкен асқақтықтың бар екендігі. Оның поэзиясы бірте-бірте кемеңгерлерге тән ойшылдыққа ойысты. Ол ғылым мен әдебиетті бір-бірімен үйлестіріп, ұштастыра білді. Осы үрдісті қазір де жалғастырып келе жатыр. Олжакең халқының махаббатына бөленген тұлға. Халқымен қашанда осылай бірге бола береді», - деп атап өтті Қазақстан жазушылар одағының төрағасы, ақын, сенатор Нұрлан Оразалин.
Алқалы жиын конференцияның секциялық отырыстарында жалғасты. Іс-шара барысында барлығы 50-ден астам баяндама тыңдалып, Олжас Омарұлы шығармаларының құрылымдық, стильдік ерекшеліктері талданды.
Ұрпаққа үлгі, халқының маңдайына жарық жұлдыз болып біткен нар тұлға мерейтойының алғашқы легі осындай леппен басталды. Алғашқы болып құттықтаған алма-матер ұжымы Олжас Омарұлына қажымас қайрат, сарқылмас төзім мен зор денсаулық тілейді. Әлі де алар асуларыңыз көп болғай!