«ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТТЫЛЫҚ – ТАБЫСТЫ БОЛАШАҚТЫҢ КЕПІЛІ»
16 ақпан күні «ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТТЫЛЫҚ» жоспары аясында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Химия және химиялық технология факультетінде «ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТТЫЛЫҚ – ТАБЫСТЫ БОЛАШАҚТЫҢ КЕПІЛІ» тақырыбында 1-курс студенттеріне арналған семинар өтті. Семинар спикері – Экономика және бизнес жоғары мектебі факультетінің әлеуметтік-тәрбие жұмысы жөніндегі декан орынбасары, аға оқытушы Кулиев Ильяс Оңғарұлы. Семинардың мақсаты: Студенттердің қаржылық мәдениетін қалыптастыру, жеке қаражатты тиімді басқару дағдыларын дамыту және қаржылық жауапкершілікті арттыру арқылы олардың болашақтағы экономикалық тұрақтылығына негіз қалау. Семинардың міндеттері: жеке және отбасылық бюджетті жоспарлау жолдарын түсіндіру; табыс пен шығынды тиімді басқару тәсілдерін үйрету; қаржылық қауіпсіздік пен жинақ жасаудың маңызын түсіндіру; несие алу, депозит ашу, инвестициялау туралы базалық ақпарат беру; қаржылық алаяқтықтан сақтану жолдарын түсіндіру; студенттердің қаржыға қатысты сыни ойлау қабілетін дамыту болып табылады.
Кездесу барысында спикер қаржылық сауаттылықтың қазіргі қоғамдағы рөліне тоқталып, жастардың қаржылық қателіктерінің алдын алу жолдарын нақты мысалдар арқылы түсіндірді. Студенттерге күнделікті өмірде қолдануға болатын практикалық кеңестер беріліп, қаржылық жоспар құрудың қарапайым алгоритмдері таныстырылды.
Сонымен қатар, цифрлық банкинг, онлайн төлем жүйелері және қаржылық қауіпсіздік мәселелері кеңінен талқыланды. Ерекше назар микрозаймдардың (жедел онлайн несиелердің) зиянына аударылды. Спикер микрокредиттердің жоғары пайыздық мөлшерлемесі мен айыппұл санкциялары қарыз алушыны қаржылық қиындыққа алып келуі мүмкін екенін атап өтті. Уақытында төленбеген жағдайда берешектің тез өсетіні, бұл студенттің несие тарихына кері әсер ететіні түсіндірілді.
Студенттерге қаржылық қиындық туындаған жағдайда микрозайм рәсімдеудің орнына бюджет қайта қарау, шығындарды қысқарту, жинақ қалыптастыру немесе ресми қаржы ұйымдарынан кеңес алу жолдары ұсынылды. Қаржылық шешім қабылдауда асығыстық танытпай, келісімшарт талаптарын мұқият оқу қажеттігі ескертілді.
Семинар интерактивті форматта өтіп, студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, нақты жауаптар алды.
Аталған іс-шара факультет студенттерінің қаржылық сауаттылығын арттыруға, саналы қаржылық шешім қабылдау мәдениетін қалыптастыруға және олардың болашақта табысты, экономикалық тұрғыдан тұрақты тұлға болып қалыптасуына бағытталды.
Факультеттің әлеуметтік-тәрбие жұмыстары жөніндегі декан орынбасары Жақсылықова Г.Ж.

Басқа жаңалықтар