«Театр – тәрбие мен тағылым ордасы»
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Химия және химиялық технология факультетінің оқытушылары, студенттері мен магистранттары Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театры сахналаған «Ұлпан» және «Қызыл орамалды Шынарым» спектакльдерін тамашалап қайтты.
«Ұлпан» қойылымы арқылы қазақ әйелінің даналығы, қайсарлығы мен ел тағдырындағы орны терең бейнеленсе, «Қызыл орамалды Шынарым» спектаклі шынайы сезім, адалдық пен махаббат, адамгершілік құндылықтар жайлы ой қозғады. Екі қойылымда да кейіпкерлер тағдыры арқылы өмірлік таңдау, сенім мен жауапкершілік тақырыптары әсерлі түрде ашылып, көрерменнің жүрегіне жол тапты.
Театр әртістерінің кәсіби шеберлігі, сахналық көркемдеу мен музыкалық сүйемелдеу ерекше атмосфера қалыптастырып, көрермен көңілінен шықты. Әсіресе, тарихи және лирикалық мазмұндағы қойылымдардың үйлесімі студенттерге терең рухани әсер сыйлады.
Мәдени іс-шара білім алушылардың рухани-адамгершілік дүниетанымын кеңейтіп, ұлттық құндылықтар мен өнерге деген қызығушылығын арттыруға ықпал етті. Театрға бару – тек бос уақытты тиімді өткізу ғана емес, тәрбиелік мәні зор, тағылымы терең мәдени тәжірибе екені айқын сезілді.
Шара барысында кейбір студенттер театрға алғаш рет келгендерін айтып, алған әсерлерімен бөлісті. Олар спектакльдердің мазмұны мен актерлік құрамның шеберлігі ерекше әсер қалдырғанын атап өтіп, алдағы уақытта театрға келу дәстүрін жалғастыруға ниетті екендерін жеткізді.
Аталған мәдени кездесу университеттің әлеуметтік-тәрбие жұмысы аясында ұйымдастырылып, білім алушылардың мәдени ортаға белсенді араласуына, эстетикалық талғамын қалыптастыруға және ұлттық өнерге деген құрметін арттыруға бағытталды.
Факультеттің әлеуметтік-тәрбие жұмыстары жөніндегі декан орынбасары Жақсылықова Г.Ж.

Басқа жаңалықтар