Депутаттар «Мәңгілік ел» идеясын студенттермен талқылады

6 мамыр, 2016

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ҚР Мәжіліс депутаттарының қатусымен «Мәңгілік ел» тақырыбында студенттермен кездесу өтті.

Жиынды Қазақ ұлттық университетінің ректоры, академик Ғалым Мұтанов ашты. «Ынтымағы жарасқан халық болып қалыптасуы үшін, ұлттық ой керек. Қазақстан Тәуелсіздігін алғалы қаншама сыннан өтіп келе жатыр, болашақта дәл осы қарқынмен даму барысы жүзеге асады ма деген сұраққа біз тек сөзбен ғана емес, іс-әрекетпен де жауап беруіміз қажет», – деді ректор. 

«Адам баласының эмоцияға берілгіштігі, тереңіне үңілмей тез шешімдер қабылдап қоятындығы баршамызға аян. «Біріңді қазақ, біріңді дос, көрмесең, істің бәрі бос» деп ұлы Абай айтпақшы, бір-біріңе тілектес, ниеттес болмасаң істің бәрі бос болады. Осындай қиын кезеңде бір-бірімізге қолдау көрсетіп, қол ұшын бермеуіміз, араға іріткі салушылар мақсатының орындалғандығы деп білемін», – деп атап өтті Парламент Мәжілісінің депутаты Бекболат Қанайұлы Тілеухан. Сонымен қатар «Мәңгілік ел» болып қалыптасу үшін, құлдық санадан арылу керектігіне ерекше тоқталды.

Соңғы кезде халық арасында резонанс тудырған «жер мәселесі», Елбасымыздың күні кеше жариялаған мораторийі де көпшілік талқысына түсті. «Ата-бабадан аманат болып қалған кең-байтақ жеріміз, әрбір қазақстандықтың асыл-мұрасы, сол себепті әрқайсысымыз бұл мұраны көзіміздің қарашығындай аялауымыз қажет!» – деп атап өтті Алматы Маслихатының ең жас депутаты Асылхан Төлепов. Студенттердің қатысуымен өткен жиын қоғамда қордаланған бірқатар мәселелер төңірегіндегі сұрақтарға жауап берді. 

Іс-шараға «Нұр Отан» партиясы орталық аппараты басшысының орынбасары Мәди Жарылқасынұлы Оспанов, Қазақстанның еңбек ері, ұлағатты ұстаз Аягүл Төреқызы Миразова, Алматы қаласының жастар саясаты мәселелері жөнінде басқарма басшысы Нұрлан Сыдықов, Алматы қаласы Жетісу аудандық прокурорының орынбасары Бауыржан Ертаев қатысты.

Кез келген атқарылатын іс, кез келген жасалатын қадамның, еліміздегі тұрақтылық пен бейбітшілікке кедергісі келмейтін болса, онда бұл дүниенің халық игілігіне тигізер пайдасы, дамуына қосар үлесі өте жоғары болмақ.