Құқықтық тәртіп мәселелері қаралды
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заң факультетінде «Қазіргі заманғы сын-қатерлер жағдайында заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету» атты форум өтті.
Іс-шараның мақсаты – қазіргі кезеңдегі заңдылықты қамтамасыз етудің өзекті мәселелерін көтеруде мемлекеттік органдар, сот жүйесі, құқық қорғау органдары өкілдерінің ғылыми әлеуеті мен практикалық тәжірибесін біріктіруге арналған.
Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының ұйымдастыруымен өткен жиынға мемлекеттік билік органдарының өкілдері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, тәжірибелі заңгерлер, оқытушы ғалымдар және білім алушы жастар қатысты.

Форумды ашқан заң факультетінің деканы Уәлихан Ахатов:
«Соңғы жарты жылда елімізде ауқымды саяси науқан жүріп жатыр. Жаңа Конституцияны қабылдауға байланысты Мемлекет басшысы 2026 жылдың 15 наурызында республикалық референдум өткізу туралы жарлыққа қол қойды. Одан бөлек, өткен жылы қабылданған «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасының негізгі қағидаттары жаңа Конституция жобасында кеңінен көрініс тапты. Бұл еліміз тарихындағы маңызды кезең. Бүгінгі форум осы саяси үдерістермен тікелей сабақтас», – деді.

Өз кезегінде Алматы қаласы Жетісу аудандық сотының төрағасы Еркебұлан Қайратұлы сот жүйесінің заң үстемдігін қамтамасыз етудегі айрықша рөліне тоқталды. Ол: «Сот төрелігінің басты мақсаты – азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді қорғау. Қазіргі реформалар сот жүйесінің ашықтығын арттыруға, процестердің әділдігі мен қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған. Заң үстемдігі – тұрақты қоғамның берік іргетасы», – деді.
Форум аясында қатысушылар заң үстемдігін қамтамасыз ету, мемлекеттік билік органдары мен құқық қорғау органдары қызметінің тиімділігін арттыру, мемлекеттік басқаруды цифрландыру, құқық бұзушылықтардың алдын алу, құқықтық мәдениетті нығайту және құқық қолдану тәжірибесіндегі өзекті мәселелер жөнінде мазмұнды баяндамалар жасады.

Шара соңында жиналғандар ұсыныстар қабылдап, құқықтық реформаларды ғылыми тұрғыдан сүйемелдеудің маңыздылығына тоқталды. Форум нәтижелері заң ғылымы мен құқық қолдану тәжірибесінің өзара ықпалдастығын арттыруға, сондай-ақ елімізде заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуға бағытталған нақты бастамаларға негіз болатыны айтылды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар