Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Жаңартылған Конституция – әділетті қоғамның негізі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Шараны медицина және денсаулық сақтау факультеті ұйымдастырды. Кездесу университеттің жетекші ғалымдарын біріктіріп, Қазақстан Республикасының жаңа Конституция жобасының негізгі ережелерін талқылауға мүмкіндік берді.
Жиынды ашқан медицина және денсаулық сақтау факультетінің деканы Сүндетғали Қалмаханов азаматтардың құқықтары мен бостандықтары, соның ішінде денсаулық құқығы мәселелеріндегі ғылыми-қоғамдық диалогтың маңыздылығын атап өтті. Ол жаңа Конституция әділетті қоғамды нығайтуға мүмкіндік беретінін, әлеуметтік және медициналық қамтамасыз етудің кепілдіктерін қамтамасыз ететінін және денсаулық сақтау жүйесін одан әрі дамытуға бағдар беретінін айтты.

Дөңгелек үстел барысында Денсаулық сақтау саясаты және ұйымдастыру кафедрасының доценті Бақыт Мәуленова «Қазақстан азаматтарының құқықтары мен бостандықтары жаңа Конституция жобасында» тақырыбында баяндама жасады. Сонымен қатар Жалпы дәрігерлік практика кафедрасының меңгерушісі, профессор Гаухар Құрманова «Жаңа Конституция денсаулыққа негізгі құқықты бекітеді» атты баяндамасын ұсынды. Профессор Г.Құрманова Конституцияда денсаулыққа құқықты бекіту әрбір азаматқа қолжетімді және сапалы медициналық көмекті қамтамасыз етуге заңдық негіз қалыптастыратынын ерекше атап өтті. «Бұл құқық тек декларативті сипатта емес, ол заманауи профилактикалық бағдарламаларды енгізу, медициналық қызмет сапасын арттыру және халықтың өмір сапасын жақсарту үшін нақты құралға айналады. Біз медициналық қауымдастық ретінде осы нормаларды іске асыруға белсенді қатысуымыз керек, сол арқылы олар адамдардың денсаулығына нақты әсер етсін», – деді профессор Г.Құрманова.

Сонымен қатар шара барысында Эпидемиология, биостатистика және дәлелді медицина кафедрасының қауымдастырылған профессоры Фарида Искакова «Денсаулыққа және медициналық көмекке құқық» тақырыбында, Саясаттану және саяси технологиялар кафедрасының қауымдастырылған профессоры Жанетта Нұрдинова «Конституциялық комиссия: Конституцияның кейбір категорияларын нақтылау және кеңейту мәселелері» атты баяндамаларын таныстырды. Сондай-ақ Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының профессоры, Ұлттық заң академиясының академигі Ақылбек Исабеков «Парламентизм институтының қалыптасуы мен дамуындағы Құрылтайдың саяси-құқықтық және тарихи рөлі» тақырыбында баяндама жасады.

Дискуссия барысында қатысушылар жаңартылған Конституция азаматтардың құқықтарын қалай бекітетінін және әлеуметтік әділеттілікті, денсаулықты қорғауға арналған заңдық базаны қалай қамтамасыз ететінін талқылады.

Дөңгелек үстел соңында қорытынды жасалып, пәнаралық диалогтың маңыздылығы мен академиялық қауымдастықтың құқықтық мәдениетті дамытудағы және Қазақстанда әділетті қоғам құрудағы белсенді рөліне ерекше назар аударылды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар