ҚазҰУ IIETE көрмесінде білім беру бағдарламаларын таныстырды
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың білім беру және ғылыми әлеуеті Оңтүстік-Шығыс Азиядағы ең ауқымды алаңдардың бірі – Indonesia International Education & Training Expo (IIETE) халықаралық көрмесінде таныстырылды.
Джакарта қаласында IIETE көрмесі жыл сайын Jakarta International Convention Center аренасында әлемдік білім нарығының жетекші өкілдерінің басын қосады. ҚазҰУ үшін бұл шара университеттің интернационалдық стратегиясын іске асырудағы маңызды қадам болды. Көрмеге шамамен 200 экспонент қатысты, ал 35 000-нан астам келушілер, оның ішінде болашақ студенттер мен олардың ата-аналары, сондай-ақ халықаралық рекрутинг саласының мамандары қызығушылық танытты.

Шара барысында ҚазҰУ делегациясы ағылшын тілінде бірнеше ашық презентациялар өткізді. Индонезиялық жастар Қазақстанда оқу мүмкіндіктері, қабылдау шарттары және университеттің бірегей білім беру бағдарламалары туралы толық ақпарат алды. Көрмеге қатысушылардың ерекше назарын медицина және техникалық бағыттар аударды, себебі бұл салалар аймақта дәстүрлі түрде жоғары сұранысқа ие.
Жеке кеңестер арқылы университет өкілдері 500-ден астам қатысушының сауалдарына жауап берді. Нәтижесінде 180 перспективалық абитуриент анықталып, олар 2026-27 оқу жылында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да оқу мүмкіндігін қарастырмақшы.

Көрмеден бөлек, делегация іскерлік кездесулер өткізді: университет командасы индонезиялық ЖОО басшылары, жергілікті мектеп өкілдері және халықаралық рекрутинг агенттіктерімен жұмыс істеді. Кездесулер нәтижесінде шетелдік студенттерді тарту, бірлескен кәсіби бағдар беру іс-шараларын ұйымдастыру және ҚазҰУ брендингі мен білім бағдарламаларын Оңтүстік-Шығыс Азия нарығында насихаттау бойынша алдын ала келісімдер жасалды.

Индонезияның үлкен демографиялық әлеуеті университет үшін стратегиялық маңызды болып табылады. Делегация өкілдері атап өткендей, индонезиялық студенттер мен олардың ата-аналарының тұрақты қызығушылығы Қазақстан білімінің халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін растайды.
IIETE 2026 көрмесіне қатысу ҚазҰУ-ға жаңа аудиторияға шығуға мүмкіндік беріп қана қоймай, университеттің әлемнің түкпір-түкпірінен талантты жастар үшін тартымды және жетекші білім беру орталығы ретінде мәртебесін айқын нығайтты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар