Құрметті Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушы-профессорлары, қызметкерлері мен білім алушы жастары!
Сіздерді қасиетті Рамазан айының басталуымен шын жүректен құттықтаймын!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз құттықтауында: «Ораза азаматтарды шыдамдылық пен төзімділікке шақырып, халқымыздың бойына қарапайымдылық, жауапкершілік және адалдық сынды асыл қасиеттерді сіңіреді. Оразаның рухани құндылықтарын қазір әлемде болып жатқан күрделі ахуалды ескере отырып, кемел санамен қабылдау, оның түпкі мағынасын дұрыс түсіну – үлкен имандылықтың белгісі», – деп атап өткен болатын.
Рамазан – рухани тазару мен сабырдың, мейірім мен ізгіліктің айы. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті білім мен ғылым ордасы ретінде жастарды адамгершілікке, жауапкершілікке және қоғамдық ынтымаққа тәрбиелеуге ерекше мән береді.
Осы құндылықтар Рамазан айының рухани мәнімен үндеседі.
Қалыптасқан дәстүр бойынша университет ұжымы Рамазан айында қайырымдылық пен ізгілікке негізделген бастамаларды жалғастырып, өзара қолдау мен жанашырлық мәдениетін нығайта түседі.
Барша мұсылман қауымы үшін бұл қасиетті ай адамдарды жақсылық жасауға, бірлік пен татулықты қадірлеуге үндейді.
Ел игілігі жолындағы ортақ еңбегіміз жемісті болып, университетіміздің абыройы арта берсін.
Сіздерге мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық пен береке, еңбектеріңізге табыс тілеймін.
Рамазан айының берекесі еселеніп, жасаған игі амалдарыңыз бен ұстаған оразаларыңыз қабыл болсын!
Ізгі ниетпен,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің
Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ
Басқа жаңалықтар