Нүкістік әріптестермен жаңа жобалар жасаладыFarabi University

Нүкістік әріптестермен жаңа жобалар жасалады

19 ақпан, 2026

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев халықаралық ынтымақтастықты нығайту аясында Ажинияз атындағы Нүкіс мемлекеттік педагогикалық институтының делегациясын қабылдады.

Кездесу барысында университет басшысы қонақтарды қарсы алып, ынтымақтастықты кеңейтуге деген қызығушылықтары үшін алғыс білдірді. Ректор ҚазҰУ-дың Өзбекстандағы 20 университет және институтпен, оның ішінде Қарақалпақстаннан үш ұйыммен белсенді жұмыс істеп келе жатқанын атап өтті. Қазіргі уақытта ҚазҰУ-да Өзбекстан Республикасынан 218 студент білім алуда. Оқу орнының студенттері мен оқытушылары Өзбекстан университеттерінде ғылыми тағылымдамалар, оқу бағдарламалары мен конференцияларға белсенді қатысуда.

«Біз студенттер мен оқытушылар үшін академиялық мобильділікті кеңейту, қысқа мерзімді ғылыми тағылымдамалар мен жазғықысқы мектептер ұйымдастыру, бірлескен ғылыми жобаларды жүргізу және халықаралық жарияланымдар мен гранттық конкурстарға қатысу арқылы ықпалдастықты тереңдетуді қолдаймыз», – деді Жансейіт Түймебаев.

Ажинияз атындағы Нүкіс мемлекеттік педагогикалық институтының проректоры Гүлбахар Бегмұратова да екі университет арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ниет білдіріп, білім ордасының қызметі туралы кеңінен ақпарат берді.

Сондай-ақ тараптар ғылыми және оқу бағытындағы өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады. 

 

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі