«Матенадаран» көне қолжазбалар институты ҚазҰУ-ға кұнды кітаптар сыйладыFarabi University

«Матенадаран» көне қолжазбалар институты ҚазҰУ-ға кұнды кітаптар сыйлады

19 ақпан, 2026

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да арнайы іссапармен жүрген Месроп Маштоц атындағы «Матенадаран» көне қолжазбалар институтының делегация құрамы білім ордасына кұнды кітаптар сыйлады. Шараға оқу орнының ректоры Жансейіт Түймебаев қатысты. 

Жиын барысында ректор Жансейіт Түймебаев екіжақты ынтымақтастықтың маңызын атап өтті. «Бүгінгі кездесу екі елдің рухани мұрасын жаңғырту жолындағы маңызды қадам. «Матенадаран» – әлемдік өркениет тарихында айрықша орны бар бірегей ғылыми орталық. Біз үшін көне қолжазбаларды зерттеу, сақтау және ғылыми айналымға енгізу бағытында тәжірибе алмасу аса маңызды. ҚазҰУ ғалымдары шығыстану, түркология және тарих салаларында сіздермен бірлесе жұмыс жасауға дайын», – деді ректор.

Өз кезегінде «Матенадаран» директоры Араик Хзмалян университет ұжымына жылы қабылдау үшін алғыс білдіріп, институттың тарихына тоқталды. Оның айтуынша, «Матенадаран» іргесі қаланған уақыттан бері армян және әлем халықтарының жазба мұрасын жинақтау, сақтау және зерттеу ісімен айналысып келеді, бүгінде қорында ондаған мың көне қолжазба мен архивтік құжат сақталған.

Сондай-ақ ол қазақ пен армян халықтарының тарихи-мәдени байланыстары ғасырлар бойы өзара құрмет пен рухани сабақтастық негізінде дамып келе жатқанын атап өтті. Осы тарихи сабақтастықтың нақты көрінісі ретінде делегация университет кітапханасының қорына «Осман империясының күрдтілді армяндары: сәйкестілік, тіл және баспа», «Матедаранның шет тіліндегі қолжазба сөздіктері», «Матедарандағы космографиялық және географиялық мұра», «Матедарандағы парсы қолжазбасының каталогы», «Матедаранның христиан-араб қолжазбасының каталогы» атты ағылшын тіліндегі құнды ғылыми басылымдарды табыстады.

Аталған еңбектер көне қолжазбаларды зерттеу, шығыстану, түркология және тарих ғылымдары бағытындағы ғылыми ізденістерге жаңа серпін бермек. 

 

 

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі