- Басты бет
- Жаңалықтар
- «Agentic AI: From Large Language Models to Autonomous Systems» атты Агенттік AI архитектуралары мен жүйелер
«Agentic AI: From Large Language Models to Autonomous Systems» атты Агенттік AI архитектуралары мен жүйелер
2026 жылғы 20 ақпанда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультетінде «Agentic AI: From Large Language Models to Autonomous Systems» атты халықаралық дөңгелек үстел өтеді. Іс-шара 11:00-де 303 аудиторияда (Әл-Фараби даңғылы 71/23) ұйымдастырылады.
Дөңгелек үстелді «Жасанды интеллект және Big Data» кафедрасы ұйымдастырады. Іс-шараның негізгі аудиториясы – жасанды интеллект (LLM/агенттік жүйелер) саласындағы зерттеушілер мен әзірлеушілер, сондай-ақ автономды агенттік жүйелерді жобалау және енгізу бағытында жұмыс істейтін индустрия инженерлері.
Іс-шараның мақсаты – үлкен тілдік модельдерге негізделген, ассистенттік форматтан нақты міндеттерді автономды түрде орындайтын интеллектуалды жүйелерге көшетін агенттік ЖИ жүйелерін әзірлеу, бағалау және қауіпсіз енгізу бойынша үздік тәжірибелерді талқылау және келісу.
Қазіргі таңда agentic AI архитектуралары тек мәтіндік жауап берумен шектелмей, жоспарлау, шешім қабылдау, құралдармен әрекеттесу және нақты цифрлық ортада автономды жұмыс істеу қабілеттерімен ерекшеленеді.
Бағдарлама аясында факультет деканы Иманкулов Т.С. құттықтау сөз сөйлейді.
Сонымен қатар, Солтүстік-Батыс политехникалық университетінің (Сиань қ., Қытай) профессоры Пэн Ван, PhD баяндама жасап, агенттік AI жүйелерінің заманауи архитектуралары мен ғылыми зерттеу бағыттары туралы ой бөліседі.
Кафедра меңгерушісі, ф.-м.ғ.к., профессор Мансурова Мадина Есимхановна агенттік жүйелерді дамыту перспективалары мен ғылыми жобалар аясындағы зерттеу бағыттарын таныстырады.
Сонымен қатар, кафедраның аға оқытушысы Оспан А.Ғ., «Ақпараттық жүйелер» кафедрасының докторанты Күмісбек М. және оқытушы Мұса А. өз зерттеу нәтижелерімен бөліседі.
Халықаралық дөңгелек үстел ғылыми қауымдастық пен индустрия өкілдері арасында кәсіби диалог орнатуға, тәжірибе алмасуға және болашақ бірлескен жобаларды қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл іс-шара жасанды интеллект саласындағы заманауи трендтерді талқылап қана қоймай, Қазақстандағы агенттік AI зерттеулерін жаңа деңгейге көтеруге ықпал етеді.
Басқа жаңалықтар