Шығыстану факультетінің студенттері «Үш бәйтерек және Мұқағали» атты жалпыуниверситеттік әдеби-танымдық кешке қатыстыFarabi University

Шығыстану факультетінің студенттері «Үш бәйтерек және Мұқағали» атты жалпыуниверситеттік әдеби-танымдық кешке қатысты

19 ақпан, 2026

18 ақпанда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Фараби кітапханасында қазақ әдебиетінің алыптары Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин мен ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығына арналған «Үш бәйтерек және Мұқағали» атты жалпыуниверситеттік әдеби-танымдық кеш ұйымдастырылды.

Аталған шараға шығыстану факультетінің оқытушылары мен студенттері ерекше белсенділікпен қатысып, кештің мазмұнын байыта түсті. Факультет намысын қорғаған студенттер қазақ поэзиясының жауһарларын жаңғыртып танымал поэмаларынан әсерлі үзінділер мен отты жырларын тебірене оқыды. Студенттердің орындауындағы әрбір шумақ көрерменге ұлттық рух сыйлап, әдебиетке деген ықыласын паш етті.

Факультеттің өнерлі студенттерінен құралған дәстүрлі аспаптар ансамблі кештің көркін арттыра түсті. Өнерпаздардың орындауындағы әндер кештің атмосферасын үйлесімді толықтырып, қатысушыларды әдемі әсерге бөледі. Факультет жастарының мұндай белсенділігі олардың тек білімге ғана емес, сонымен қатар ұлттық әдебиет, мәдениет пен өнерге деген құрметін де айқындайды.

Жиын соңында белгілі қаламгерлер мен ғалымдар студенттердің өнеріне жоғары баға беріп, осындай тағылымды шаралардың өскелең ұрпақ тәрбиесіндегі маңызы зор екенін атап өтті.