«Үздік бастаушы бухгалтер – 2026» студенттік кейс-чемпионаты өтті
2026 жылғы 10 қарашада әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Экономика және бизнес Жоғары мектебінде Қазақстан Республикасының Бухгалтер күніне арналған «Үздік бастаушы бухгалтер – 2026» студенттік кейс-чемпионаты өткізілді.
Чемпионат Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 27 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген білім сапасын арттыру мақсатына сәйкес және №4 «Сапалы білім беру» тұрақты даму мақсаты шеңберінде, «Точный учет» ЖШС мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Экономика және бизнес жоғары мектебінің «Қаржы және есеп» кафедрасы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум аясында өткізілді.
Байқаудың негізгі мақсаты – бухгалтерлік есеп пен салық салу саласында практикалық білімі жоғары студенттерді анықтау, олардың бастапқы құжаттарды талдау, есептік қателерді табу және түзету, бухгалтерлік жазбаларды қалыптастыру, салықтарды есептеу және кәсіби шешімдерді негіздеу дағдыларын дамыту.
Кейс-чемпионаттың ашылу рәсімінде алғашқы құттықтау сөз «Қаржы және есеп» кафедрасының меңгерушісі, PhD, профессор ассистенті Дарибаева Меруерт Жұмабаевнаға берілді. Ол қатысушыларға сәттілік тілеп, осындай тәжірибеге бағытталған іс-шаралардың студенттердің кәсіби құзыреттерін қалыптастырудағы маңызын атап өтті. Сондай-ақ «Точный учет» ЖШС директоры Ляпина Марина Андреевна мен «Қаржы және есеп» кафедрасының қауымдастырылған профессоры, экономика ғылымдарының кандидаты Султанова Бакыт Битахановна болашақ бухгалтерлер үшін теориялық білімді нақты практикалық міндеттерді шешумен ұштастырудың маңызына тоқталды.
Одан кейін аға оқытушы Арыстамбаева Альмира Заурембековна студенттерді конкурстың өткізілу тәртібімен, кезеңдерімен, тапсырмаларды орындау уақытымен, бағалау шарттарымен және кейс шешу барысында сақталуға тиіс талаптармен таныстырды.
Кейс-чемпионатты өткізу ережесіне сәйкес «6B04105 – Есеп және аудит» білім беру бағдарламасының 4-курс студенттерінен конкурсқа қатысу өтініштері қабылданды. Конкурсқа қазақ бөлімінен 8 студент, орыс бөлімінен 7 студент, барлығы 15 студент қатысты.
Кейс-чемпионат екі кезеңде өткізілді. Бірінші кезеңде қатысушылар екі сағат ішінде ойдан шығарылған компанияның бухгалтерлік есебі мен салық салуына қатысты практикалық кейсті жазбаша орындады. Тапсырмалар бастапқы құжаттарды тексеруді, есептік қателерді анықтауды, бухгалтерлік жазбалар жасауды, банк деректерімен салыстырып тексеруді, қосылған құн салығын есептеуді және ұйым басшысына арналған қысқаша қорытынды анықтама дайындауды қамтыды.
Жазбаша жұмыстарды бағалау нәтижесінде ең жоғары балл жинаған 5 студент екінші кезеңге іріктеліп алынды. Финалдық кезеңде студенттер өз шешімдерін қазылар алқасының алдында қорғап, кәсіби сұрақтарға жауап берді.
Қазылар алқасы қатысушылардың есептеулерінің дұрыстығын, бухгалтерлік жазбаларды негіздеу деңгейін, қателерді анықтау қабілетін, салықтық есептеулерді орындауын, шешімді таныстыру сапасын және қойылған сұрақтарға жауап беруін бағалады.
Жазбаша жұмыстың және ауызша қорғаудың қорытындысы бойынша жүлделі орындар төмендегідей анықталды:
• I орын – Абдуллаева Наргиз;
• II орын – Тоқан Айзере;
• III орын – Мұхтарқызы Дана.
Бірінші орын иегеріне 30 000 теңге, екінші орын иегеріне 25 000 теңге, үшінші орын иегеріне 20 000 теңге көлемінде ақшалай сыйлық табысталады. Сонымен қатар жүлдегерлерге «Точный учет» ЖШС базасында ақылы тағылымдамадан өту және кәсіби тәжірибесін жетілдіру мүмкіндігі ұсынылды.
«Үздік бастаушы бухгалтер – 2026» кейс-чемпионаты студенттердің теориялық білімдерін нақты практикалық жағдайларда қолдануына, кәсіби ойлауын, жауапкершілігін және шешім қабылдау қабілетін дамытуына мүмкіндік берді. Осындай іс-шаралар университет пен жұмыс берушілер арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, болашақ бухгалтерлер мен аудиторларды еңбек нарығының заманауи талаптарына сай даярлауға ықпал етеді.