«Заң мен тәртіп – қоғам тұрақтылығының кепілі»Farabi University

«Заң мен тәртіп – қоғам тұрақтылығының кепілі»

18 ақпан, 2026

Бүгін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Филология факультетінде тағылымы терең, тағдыры салмақты кездесу өтті. «Заң мен тәртіп – қоғам тұрақтылығының кепілі» тақырыбында ұйымдастырылған бұл мазмұнды шара студенттер мен құқық қорғау саласы мамандары арасындағы ашық диалог алаңына айналды.

Кездесудің басты қонақтары – Қазақстан Республикасы ІІМ Мақан Есболатов атындағы Алматы академиясы Құқық қорғау қызметін басқару кафедрасының оқытушысы, полиция аға лейтенанты Кадирберлина Гүлзар Әсетқызы және 3 курс курсанттары: Тілеуберді Нариман Саятұлы, Хусаин Вилнура Валиханқызы, Тлеуберген Батырхан Тимурұлы.

Кадирберлина Гүлзар Әсетқызы өз баяндамасында құқық қорғау қызметінің қоғамдағы орны мен жауапкершілігіне кеңінен тоқталды. Заң үстемдігі – мемлекеттің беріктігінің тірегі екенін атап өтіп, тәртіп пен құқықтық мәдениеттің қалыптасуы әр азаматтың ішкі жауапкершілігімен тікелей байланысты екенін нақты мысалдар арқылы түсіндірді.

3 курс курсанттары Тілеуберді Нариман Саятұлы, Хусаин Вилнура Валиханқызы және Тлеуберген Батырхан Тимурұлы жас буын өкілдері ретінде құқық қорғау саласын таңдаудағы мақсат-мұраттарымен бөлісіп, курсанттық өмірдің қыр-сыры, кәсіби даярлық үдерісі және антқа адалдық ұғымының мәні туралы әсерлі ой қозғады. Олардың шынайы пікірлері студенттерге ерекше серпін беріп, отансүйгіштік рухты асқақтатты.

Шараны ұйымдастырған – А.Байтұрсынұлы атындағы Қазақ тіл білімі кафедрасының оқытушылары: ф.ғ.к., доцент Н.Егізбаева, доцент м.а., PhD Ж.Сәрсенбай, магистр М.Хамитова.Ұйымдастырушылардың бастамасы білім мен тәртіп, ғылым мен құқық саласының тоғысында мазмұнды ой алмасуға жол ашты. 

Кездесу барысында студенттер көкейдегі сауалдарын қойып, құқық қорғау саласының кәсіби және адами қырлары жайында тұшымды жауап алды. Ашық пікір алмасу алаңы жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, заңға құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыруға ықпал етті.

«Заң мен тәртіп – қоғам тұрақтылығының кепілі» атты бұл кездесу – университет қабырғасындағы тағылымды шаралардың бірі ғана емес, сонымен қатар саналы ұрпақ тәрбиелеу жолындағы маңызды қадам. Заңға құрмет – елге құрмет. Ал құқықтық мәдениеті жоғары қоғам – болашағы берік мемлекет.