Жас дипломаттар БҰҰ моделі жобасына қатыстыFarabi University

Жас дипломаттар БҰҰ моделі жобасына қатысты

23 ақпан, 2026

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Біріккен Ұлттар Ұйымының моделі – Жаңа Жібек жолы» атты халықаралық конференция өтті.

Іс-шараға ҚР Сыртқы істер министрлігінің Алматы қаласындағы өкілдігі басшысының орынбасары Рашид Ерішев, Қазақстандағы БҰҰ Ақпараттық бюросының басшысы Властимил Самек, Пан Ги Мун атындағы Тұрақты даму институтының директоры Диляра Урманова, KazYouthDiplomacy жастар ұйымының президенті Әліби Аяпбергенов, сондай-ақ студенттер мен халықаралық қатынастар сарапшылары қатысты.

«БҰҰ моделі» жобасы жастарға Біріккен Ұлттар Ұйымының жұмыс істеу механизмдерін түсінуге, Тұрақты даму мақсаттарын іске асыруға және халықаралық келіссөздерді модельдеуге мүмкіндік береді. Жобаға әлемнің түкпір-түкпірінен мыңдаған жастар қатысады.

Конференция 2013 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Биылғы шара Қазақстанның БҰҰ мүшелігіне 34 жыл толуына орай ұйымдастырылып, жастардың дипломатиялық, көпшілік алдында сөйлеу және келіссөз жүргізу дағдыларын дамытуға арналған алаңға айналды. Конференция аясында UNESCO (Білім, ғылым жəне мəдениет мəселелері жөніндегі БҰҰ ұйымы), ECOSOC (БҰҰ-ның Экономикалық жəне əлеуметтік кеңесі), ECOFIN (Экономикалық жəне қаржылық мəселелер жөніндегі кеңес), SPECPOL (Арнайы саяси комитет жəне отарсыздандыру мəселелері) сияқты комитеттері жұмыс істеді.

Қатысушылар БҰҰ комитеттері аясында делегат рөлінде өз елдерінің ұстанымдарын таныстырып, халықаралық күн тәртібіндегі маңызды мәселелер бойынша келіссөздер жүргізді.

Іс-шара университеттің Тұрақты даму мақсаттарын, әсіресе 4, 16 және 17 бағыттарын қолдауға деген ұстанымын көрсетті, сондай-ақ жастар дипломатиясының маңыздылығын және халықаралық қатынастар саласында болашақ көшбасшыларды дайындаудағы рөлін дәлелдеді. Аталмыш шара Өзбекстан және Қырғызстан консулдарының қолдауымен ұйымдастырылып, аймақтық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі