ҚазҰУ Баспасөз қызметі халықаралық конференцияға қатысты
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Баспасөз қызметінің өкілдері Каспий маңы мемлекеттерінің медиафорумы аясында өткен «Қазақстанның медиакеңістігі: заманауи үдерістер мен даму перспективалары» атты халықаралық конференцияға қатысты.
Ресейдің В.Н.Татищев атындағы Астрахань мемлекеттік университеті базасында өткен жиында Қазақстан мен Ресей ғалымдары, сарапшылар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері медиасаланың өзекті мәселелерін талқылады. Іс-шараға Астрахань облысының сыртқы байланыстар министрі Владимир Головков, Қазақстанның Астраханьдағы бас консулы Қанат Хасенов, Ресей Сыртқы істер министрлігінің Астрахань қаласындағы өкілі Михаил Рудов, университет басшылығы қатысты.

Сонымен қатар жиынға ҚР Президентінің телерадиокешені құрылымына кіретін «Jibek Joly» телеарнасының, ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметінің, «31» және «24KZ» телеарнасының, «Atpress» сайтының өкілдері жиналды.

Ақпарат және коммуникациялар департаментінің директоры Қаншайым Байдәулет, Баспасөз қызметі басқармасының басшысы Нұрсұлтан Жексенбаев және «Farabi Media» телестудиясы басқармасының басшысы Бақыт Құрманбеков университеттің медиа бағытындағы тәжірибесімен бөлісті. Қатысушылар ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі базасында әзірлеген имидждік фильмдерді, республикалық «Qazaq Universiteti» газеті мен дайындалған түрлі бағыттағы кітаптардың нәтижесімен танысты.

Дөңгелек үстел барысында Владимир Головков медиа тек ақпарат тарату құралы ғана емес, мемлекетаралық экономикалық және гуманитарлық байланыстарды нығайтатын маңызды платформа екенін атап өтті. Министрдің айтуынша, Қазақстан – Астрахань облысының негізгі серіктестерінің бірі, ал «Каспий» медиафорумы екі ел мамандары арасындағы тұрақты диалог алаңына айналған.

«Біздің өңір үшін бұл мәселе ерекше өзекті, өйткені Қазақстан Астрахань облысының негізгі серіктестерінің бірі. Өзара іс-қимылымыздың бір тетігі медиа саласы, сондай-ақ көптеген мәселелерді біз «Каспий» медиафорумында талқылаймыз. Бұл дәстүрлі шара медиа саласындағы мамандар мен сарапшылардың қарым-қатынасы мен байланысы үшін тиімді платформа ретінде қалыптасқан. Бүгінгі шара аталған форумның жалғасы», - деді Владимир Головков.

Конференция аясында Халықаралық Еуразиялық телевидение және радио академиясының академигі, ҚазҰУ профессоры Мәншүк Мұқашева «Қазақстандағы жоғары білім жүйесінде медиа мамандарын даярлаудың ерекшеліктері» тақырыбында баяндама жасап, екі ел арасындағы білім беру саласындағы әріптестіктің маңызын атап өтті. Ал Астрахань мемлекеттік университеті Журналистика және медиакоммуникациялар кафедрасының меңгерушісі Галина Белолипская медиа білім берудің жаңа үлгілерін таныстырды.

Жиын қорытындысында қатысушылар Қазақстан мен Ресей арасындағы медиа саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге, тәжірибе алмасуды жандандыруға және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға уағдаласты.




Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар