Сенат депутаттары ҚазҰУ-дың даму жоспарымен таныстыFarabi University

Сенат депутаттары ҚазҰУ-дың даму жоспарымен танысты

24 ақпан, 2026

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев оқу ордасына жұмыс сапарымен келген ҚР Парламенті Сенатының депутаттарымен кездесу өткізді.

Делегация құрамында ҚР Парламенті Сенатының депутаттары – Дархан Қыдырәлі, Нұрия Ниязова, Сұлтанбек Мәкежанов және «AMANAT» партиясы Бостандық аудандық филиалының төрағасы Тынышқали Сәбен болды. 

Оқу ордасының басшысы Жансейіт Түймебаев қонақтарға ҚазҰУ-да іске асырылып жатқан жұмыстар жөнінде ақпарат беріп, алдағы жоспарымен бөлісті. Сонымен қатар академиялық ұтқырлықты арттыру, шетелдік жоғары оқу орындарымен қос дипломды білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру, жас ғалымдарды қолдау және стартап жобаларды дамыту мәселелеріне тоқталды.

Бүгінде униврситетте 50-ден астам жаңа ғылыми зертхана ашылған. Жаңа орталықтартарда ғалымдар география, биология, химия, жасанды интеллект, ІТ, медицина, ауыл шаруашылығы және өзге де салалар бойынша инновациялық жобаларды жүзеге асыруда.

Өз кезегінде Сенат депутаттары жоғары білім беру жүйесін дамыту, ғылым мен өндіріс интеграциясын күшейту, заңнамалық қолдау тетіктерін жетілдіру жөнінде ұсыныстарын ортаға салды. Халық қалаулылары университеттің ғылыми әлеуетін арттыруға, студенттердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға және жастар саясатын тиімді жүзеге асыруға қатысты бастамаларды қолдайтындарын жеткізді.

Кездесуден кейін ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Дархан Қыдырәлі, Нұрия Ниязова, Сұлтанбек Мәкежанов оқу ордасындағы зертханаларды аралап, ҚазҰУ-дың ғылыми инфрақұрылымымен танысты. Халық қалаулылары «Farabi HUB», Суперкомпьютер, Робототехника, «Қашықтықтан зондтау технологиясы және қолдану» орталықтарындағы ғылыми жобалардың нәтижелерін көрді. 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі