7KUN.KZ

11 мамыр, 2016

Алматыда жас кәсіпкерлерге арналған бизнес-инкубатор пайда болады

Алматыда жас кәсіпкерлерге арналған бизнес-инкубатор пайда болады. Фото: lsm.kz Алматы қаласында жас кәсіпкерлер мен отандық ғалымдардың ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарына арналған бизнес-инкубатор орталығы салынып жатыр. Аумағы 11 мың шаршы шақырымды құрайтын инновациялық жобалар мен тәжірибелі-конструкторлық жұмыстарды дамытуға арналған технопарк Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің базасында салынуда. Қазіргі уақытта 3 кезеңге бөлінген “Технолофт” жұмыс жобасы құрылған. Алғашқы кезең жұмысы басталып, 2 мың шаршы шақырым аумақта құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Ғылыми технологиялық парк директоры Әмірхан Темірбаевтың сөзінше, Алматы әкімдігі аталған жобаға қызығушылық танытуда. “Қала әкімдігі инвестиция салуға дайын. Қазір жобаны қаржыландыру жөнінде келіссөздер жасалуда. Барлық жоба жүзеге асу үшін 1 млрд теңге көлемінде қаржы қажет. Қазір университет өз күшімен 200 млн теңгеге құрылыс жұмыстарын бастап кетті”, – деді ол. Сондай-ақ, Инвестиция және даму министрлігімен де келіссөздер жүргізілуде. Қазір “Технолофт” базасында стартап жобалар құрылуда. Солардың бірі – қазақстандық  EvitaComplex органикалық косметикасы. “Жоба әлем бойынша жақсы нәтиже көрсетті. Жұмысты Қазақстанда бастады. Бас кеңсесі қазір осы жерде. Қазіргі уақытта ІТ және робототехника жобаларына көп көңіл бөліп жатырмыз”, – деді Темірбаев. Сондай-ақ, технопаркте ақылды қала жүйесін орналастыруға болатын суперкомьютер болады деп күтілуде.