ҚазҰУ TSTOUR жобасы аясында ынтымақтастықты кеңейтуде
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің география және табиғатты пайдалану факультетінің деканы Әлия Ақтымбаева TStour халықаралық жобасы аясында арнайы шақыртумен Австрияның Зальцбург университетіне жұмыс сапарымен барды. Сапар ғылыми ынтымақтастықты кеңейту және бірлескен қызметтің стратегиялық бағыттарын айқындау мақсатында ұйымдастырылды.

Бағдарлама аясында туризм саласындағы бірлескен зерттеулерді дамыту, деректерді өңдеу мен визуализациялау, академиялық әріптестікті нығайту мәселелері қарастырылды. Сонымен қатар TStour жобасы бойынша практикалық семинар өтті.

Әлия Ақтымбаеваның айтуынша, жұмыс барысында QS академиялық сауалнамаларын қолдау тетіктері, мониторингтік панельдер әзірлеу және ашық деректермен жұмыс істеу бағыттары сараланды. Бұған қоса, зерттеу нәтижелері негізінде картографиялық сторителлинг жасауға мүмкіндік беретін ArcGIS MapStory платформасын қолдану бойынша тәжірибелік сабақтар ұйымдастырылды.

Сондай-ақ сапар аясында Зальцбург өңірінің Туризм статистикасы орталығы өкілдерімен арнайы кездесу өтті. Тараптар туристік ағындарды талдау және саланың экономикалық тиімділігін есептеу әдістері жөнінде пікір алмасты.
Іссапар нәтижесінде 2026-27 жылдарға арналған бірлескен жұмыстың басым бағыттары айқындалды. Атап айтқанда жетекші халықаралық журналдарда жарияланатын ғылыми мақалалар әзірлеу, Scopus базасына енгізілетін жинақпен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізу, сондай-ақ Horizon Europe бағдарламасын қоса алғанда, халықаралық гранттық жобаларға өтінімдер дайындау жоспарлануда. Сонымен бірге шетелдік серіктестердің дәрістерін ұйымдастыру, ғылыми тағылымдамаларды жүзеге асыру және шетелдік ғалымдарды университетке тарту көзделген.


Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар