Құрылтайдың парламентаризмді дамытудағы рөлі сараланды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жаңа Конституцияны талдауға және мемлекеттіліктің іргелі негіздерін зерделеуге арналған шара өтті. Механика-математика факультетінің оқытушы-профессорлар құрамы, мамандары мен студенттері «Парламентаризм институтының қалыптасуы мен дамуындағы Құрылтайдың саяси-құқықтық және тарихи рөлі» тақырыбын талқылады.
Кездесу дала демократиясы дәстүрлерінің сабақтастығы мен заманауи конституциялық реформаларды ұғынуға арналған сараптамалық алаң ретінде ұйымдастырылды.
Жиынға құқық саласының белгілі сарапшысы – ҚазҰУ заң факультетінің Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының профессоры, Ұлттық заң академиясының академигі Ақылбек Исабеков модераторлық жасады.

Баяндама барысында халықтық өкілдіктің жоғары органы ретіндегі Құрылтай қызметінің тарихи аспектілері егжей-тегжейлі қаралды. Профессор А.Исабеков Құрылтай институты билік пен қоғам арасындағы ашық диалог пен алқалылық принциптерін бейнелей отырып, Қазақстандағы заманауи парламентаризмнің бастауы болатынына назар аударды. Осы тұрғыда жаңа Конституцияны талдау қатысушыларға тарихи мұраның қазіргі заманғы демократиялық сын-қатерлерге қалай бейімделгенін бақылауға мүмкіндік берді.

Сондай-ақ талқылауға кафедра меңгерушілері, олардың орынбасарлары, аға куратор-эдвайзерлер, студенттік өзін-өзі басқару және жастар ұйымдарының жетекшілері қатысты. Олар мұндай кездесулер студенттер бойында кәсіби құзыреттіліктерді ғана емес, сонымен қатар белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар