KAZINFORM.KZ, AKJOLGAZET.KZ

11 мамыр, 2016

Бауыржан Момышұлының өмірінен тың деректер жаңа кітапта жарық көрді

Бауыржан Момышұлының өмірінен тың деректер жаңа кітапта жарық көрді. АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда ҚР Ұлттық кітапханасында Жеңіс күніне орай «Өнегелі өмір» сериясынан «Бауыржан Момышұлы» туралы жаңа кітаптың тұсауы кесілді. Жаңа басылым «Бауыржан Момышұлының мұрасы» қоғамдық қоры мен әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің ықпалымен басылып шықты. Ғылыми еңбекте батырдың ғылыми айналымға енгізілген өмірбаяны, мұрағат құжаттары, «Ұшқан ұя» ғұмырбаяндық романынан жас ұрпаққа тағылым  боларлық үзінді, алуан түрлі таныс та бейтаныс фотосуреттер, ең бастысы бұрын еш жерде жарияланбаған естеліктер мен жазбалар топтастырылып отыр. «Ғалымдар айтады, сөнген жұлдыздың жарығы миллион жылдарға жетеді деп. 30 жыл өтсе де атамыздың аты аталмаған күн жоқ. Себебі, ол халықтың жүрегінде, зердесінде болды. Бүгінгі тұсауы кесіліп отырған кітап атаға деген ілтипаттың бір бөлігі деп ойлаймын. Мен өзім оқыған, ұлым Ержан оқыған университет қабырғасында жасалып жатқан игілікті іс ұзағынан болсын. Оқырманы көп болсын. Мен жазушы, ақын емеспін. Жай қарапайым келінмін. Бір жағынан кімге кім келін болмай жатыр. Бір жерде апа, бір жерде Зәке деп құрметтесе, осының барлығы атаның құрметінің арқасы. Атасының кебісіне аяқ сұқпайтын, енесінің төсегіне отырмайтын келін болдым. Жаратқан ием Атамның қолына су құйып, шай қайнатып беруге мүмкіндік туғызды. Мені атақ-даңқ, марапаттан құдай сақтапты. Тек маңдайыма жазылған атақ  Баукеңнің келіні деген сөз. Атама қызмет еткен аз ғана ғұмыр мен үшін үлкен академия болды», - деді Баукеңнің келіні Зейнеп Ахметова. Отырыс барысында жиналған зиялы қауым өкілдері өздерінің өмірлерінде Бауыржан Момышұлымен бір сәттік кездесулерін естелік ретінде айтып берді.