«Ұлттық құндылық және заманауи білім: рухани сабақтастық пен кәсіби даму»
Жатақханада тұратын «Қолданбалы қазақ тілі» мамандығының бірінші курс студенттерімен «Ұлттық құндылық және заманауи білім: рухани сабақтастық пен кәсіби даму» тақырыбында сұрақ жауап талқы форматындағы іс шара өткізілді. Іс-шараның басты мақсаты – студенттердің бойында ұлттық сана мен заманауи ойлауды ұштастыра отырып, бәсекеге қабілетті, рухани бай маман қалыптастыру мәселесін зерделеу. Кездесу барысында ұлттық дүниетанымның жас ұрпақ тәрбиесіндегі орны, ана тілінің мәртебесі, рухани құндылықтардың кәсіби жетістікке ықпалы жөнінде мазмұнды ойлар айтылды. Білім мен тәрбие егіз ұғым екені, тұлғаның кәсіби қалыптасуы тек академиялық біліммен ғана емес, ішкі мәдениет, жауапкершілік, адамгершілік қасиеттер арқылы жүзеге асатыны атап өтілді. Әсіресе, қазіргі жаһандану дәуірінде ұлттық болмысты сақтай отырып, цифрлық кеңістікте белсенді болудың маңызы сөз болды. Студенттерге ақпараттық сауаттылық, медиамәдениет, тіл тазалығы, кәсіби этика ұғымдары түсіндіріліп, олардың болашақ еңбек жолында үлкен рөл атқаратыны айтылды. Тәрбие сағаты еркін пікір алмасу форматында өтті. Студенттер өз көзқарастарын білдіріп, ұлттық құндылықтарды заманауи өмір салтымен үйлестіру жолдары туралы ой бөлісті. Болашақ маман ретінде қоғам алдындағы жауапкершілік, өзін-өзі дамыту, үздіксіз білім алу қажеттілігі туралы сұрақтар қойылып, нақты мысалдар арқылы жауаптар берілді. Іс-шара соңында рухани кемелдік пен кәсіби шеберлік қатар жүргенде ғана тұлға толық қалыптасатыны қорытындыланды. Мұндай тәрбиелік кездесулер студенттердің азаматтық ұстанымын нығайтып, кәсіби бағдарын айқындауға, ұлттық құндылықтарға негізделген саналы көзқарас қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Басқа жаңалықтар