KAZINFORM.KZ

11 мамыр, 2016

Алматыда О. Сүлейменовтің 80 жылдығына арналған халықаралық ғылыми конференция өтіп жатыр

Алматыда О. Сүлейменовтің 80 жылдығына арналған халықаралық ғылыми конференция өтіп жатыр. АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғылыми кітапханасында Қазақстанның халық жазушысы, көрнекті ақын, мемлекет және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтің 80 жылдық мерейтойына арналған халықаралық ғылыми конференция өтіп жатыр. Оған әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры, техника ғылымдарының докторы Ғалым Мұтанов, Қазақстан жазушылар Одағының төрағасы Нұрлан Оразалин, Қазақстанның қоғам қайраткері, мәдениеттанушы, публицист Мұрат Әуезов, сондай-ақ, басқа да ақындар мен жазушылар, танымал қоғам қайраткерлері, студенттер және БАҚ өкілдері қатысуда. Конференция басталар алдында ҚазҰУ ректоры Ғ. Мұтанов Олжас Омарұлын кітапхана фойесінде қойылған танымал суретші Амандос Ақанаевтың шығармаларымен таныстырды. Олардың ішінде О. Сүлейменовтің де картиналары бар.  Өз сөзінде Қазақстанның жазушылар одағының төрағасы, ақын, сенатор Нұрлан Оразалин Олжас Сүлейменовті қазақ халқының қазыналы рухани байлығының «ең бір көзге айрықша түсетін асулы белі» екендігін айтты. «Олжас Сүлейменов өзінің ең алғашқы 1961 жылы сәуірде жазған «Адамға табын жер енді» поэмасымен бүкіл дүниежүзіне қалай танылса, сол танылған биігінен, өзінің сол рухани ұлы кеңістігінен жазбай, жаңылмай келеді. Олжастың ең басты байлығы, ең басты ерекшелігі - оның бойында қазақты әлемге танытатын үлкен рухтың, үлкен асқақтықтың бар екендігі. Оның поэзиясы бірте-бірте кемеңгерлерге тән ойшылдыққа ойысты. Ол ғылым мен әдебиетті бір-бірімен үйлестіріп, ұштастыра білді. Осы үрдісті қазір де жалғастырып келе жатыр. Олжакең халқының махаббатына бөленген тұлға. Халқымен қашанда осылай бірге бола береді», - деді Н. Оразалин. Конференцияның секциялық отырыстарында Олжас Сүлейменовтың «Аз и Я», «Сөз коды» және басқа да шығармаларындағы түркизмдер, өлең ұйқастары, жанрлық, фольклорлық элементтер, балладалар, басқа да аспектілері талқыланды.