ҚазҰУ-да Ө.Жолдасбеков атындағы Цифрлық инженерия клубы ашылдыFarabi University
Референдум 15 марта

ҚазҰУ-да Ө.Жолдасбеков атындағы Цифрлық инженерия клубы ашылды

2 наурыз, 2026

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, белгілі ғалым, академик Өмірбек Жолдасбековтің туғанына 95 жыл толуына орай, ауқымды шаралар ұйымдастырылды.

Мерейтойлық шара академиктің ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды. Оған университеттің оқытушы-профессорлар құрамы мен қызметкерлері, Өмірбек Арысланұлының ұрпақтары, шәкірттері, замандас-достары және білім алушы жастар қатысты. Жиналған қауым отандық ғылым мен жоғары білімнің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан қайраткер тұлғаны еске алып, оның тағылымды ғұмыры мен өнегелі жолы жайында жылы лебіздерін білдірді.

Жиында ҚазҰУ-дың қаржы-шаруашылық мәселелері және инфрақұрылымды дамыту бойынша проректоры Әбдірахман Тасыбаев сөз сөйлеп, академиктің университет тарихындағы айрықша орнына тоқталды. Проректор Өмірбек Жолдасбековтің оқу орнының материалдық-техникалық базасын нығайтуға, ғылыми инфрақұрылымды дамытуға және білікті кадрлар даярлау ісін жаңа деңгейге көтеруге сіңірген еңбегін ерекше атап өтті.

Көрнекті ғалымның 95 жылдығына орай, Ө.Жолдасбеков атындағы Цифрлық инженерия ғылыми-техникалық клубының салтанатты ашылуы өтті.

Клуб университет қабырғасында еркін ғылыми пікір алмасу алаңы ретінде құрылды. Оқу залында білім алушы жастар мен докторанттар жиналып, цифрлық инженерия және техникалық бағыт бойынша ғылыми жобаларын талқылайды. Сонымен қатар зерттеу нәтижелерімен бөлісіп, өзара тәжірибе алмасады.

Оқу залының ашылуында ҚазҰУ-дың ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректоры Марғұлан Ибраимов сөз сөйледі. Проректор жаңа клубтың іске қосылуы  академиктің ғылыми дәстүрін жалғастыруға бағытталған маңызды қадам екенін жеткізді. «Өмірбек Жолдасбеков ҚазҰУ-ды 16 жыл басқарып, ғылым мен білімнің дамуына сүбелі үлес қосқан қайраткер. Көптеген шәкірт тәрбиелеп, 400-ден астам ғылыми еңбек жазды. Оның ғылыми мектебі қазіргі таңда да жемісті еңбек етіп келеді. Университет үшін ғылымды дамыту, жас ғалымдарды қолдау – стратегиялық басымдық. Сондықтан мұндай зияткерлік орталардың құрылуы білім мен ғылымның сапасын арттыруға жасалған нақты қадам», – деді проректор.

Өз кезегінде филология факультетінің деканы Баян Жолдасбекова сөз алып, жаңадан ашылған оқу залының мазмұндық тұрғыдан да ерекше мәнге ие екенін алға тартты.

Аудиторияда Өмірбек Жолдасбековтің жеке пайдаланған заттары, ғылыми еңбектері мен сирек кітаптары қойылған. Мұнда ғалымның жастық шағы, еңбек жолы, ғылымдағы жетістіктері мен қоғамдық қызметі туралы тың деректер мен архивтік материалдары да орналастырылған.

Іс-шара барысында Өмірбек Арысланұлының өмір жолы мен ғылыми мұрасына арналған естеліктер айтылып, оның шәкірттері ұстаздың тәлім-тәрбиесі мен азаматтық болмысы жайында тебірене сөз қозғады. 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі