Академик Өмірбек Жолдасбековтің 95 жылдығы кең көлемде насихатталды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақстандағы робототехника мектебі және машина механизмдері теориясының негізін қалаушы, көрнекті ғалым, қоғам және мемлекет қайраткері, академик Өмірбек Жолдасбековтің туғанына 95 жыл толуына арналған ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды.
Мерейтойлық шараға елдің жетекші ғалымдары, академиялық қауымдастық өкілдері, университет басшылығы, оқытушы-профессорлар құрамы, жас зерттеушілер, сондай-ақ академиктің отбасы мүшелері мен шәкірттері қатысты.

Жиын барысында ғалымның архивтік баяндамалары негізінде жасанды интеллект технологиялары арқылы әзірленген арнайы бейнеролик ұсынылды. Бұл жоба қатысушыларға академиктің дауысын қайта естіп, оның отандық инженерлік мектептің қалыптасуына арқау болған терең ғылыми ойларымен қайта қауышуға мүмкіндік берді.
Жиында оқу орнының Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаевтың құттықтау хатын ҚазҰУ Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Марғұлан Ибраимов оқып берді.

Құттықтау хатта Өмірбек Жолдасбековтің ғылыми мұрасы Қазақстандағы инженерлік ойдың дамуына стратегиялық серпін бергені атап өтілді. Ректор академик негізін қалаған роботтар механикасы мектебі бүгінде елімізде ғана емес, халықаралық ғылыми кеңістікте де табысты еңбек етіп жүрген инженерлер мен зерттеушілердің тұтас буынын тәрбиелеп шығарғанын айтты. Сонымен қатар ғалымның жаңашыл педагогикалық ұстанымы, ғылым мен өндірісті ұштастыра білуі, студенттерді ғылыми ізденіске жігерлендіру қабілетіне ерекше назар аударылды.

Шара барысында академик Михаил Наурызбаев, Абай атындағы ҒЗИ директоры, профессор Жанғара Дәдебаев, Ө.Жолдасбеков атындағы Механика және машина жасау институтының директоры Зайыр Уәлиев, филология факультетінің деканы Баян Жолдасбекова, сондай-ақ белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері сөз сөйлеп, академиктің отандық ғылымды дамытуға қосқан зор үлесіне тоқталды.

«Академик Өмірбек Арысланұлының ғылыми және педагогикалық еңбегі ұрпаққа үлгі. Ол ғылым мен өндірісті ұштастыра білетін, студенттерді ізденуге жігерлендіретін ерекше ұстаз болды. Оның идеялары мен тәжірибесі бүгінгі күнде де еліміздің инженерлік және ғылыми дамуына серпін беріп отыр», – деді Баян Жолдасбекова.

Сондай-ақ шара аясында академиктің туғанына 95 жыл толуына орай ұйымдастырылған Алматы қалалық робототехника чемпионатының жеңімпаздары марапатталды. Сонымен қатар қонақтарға академиктің ғылыми мұрасы мен еңбектеріне арналған кітап көрмесі ұсынылды.






Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар