Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Көктемнің сырлы сазы» атты акустикалық кеш өтті
Алғыс айту күні – қоғамдағы бірлік пен өзара құрметті нығайтып, ризашылық пен ізгілікті дәріптейтін маңызды мереке.
2026 жылғы 2 наурыз күні Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Филология факультетінде 1 наурыз – Алғыс айту күніне орай «8D02303 – Лингвистика» білім беру бағдарламасының 1-курс докторанттарының ұйымдастыруымен «Көктемнің сырлы сазы» атты акустикалық кеш және Baur¬sak Party іс-шарасы жоғары деңгейде өтті. Кешке факультет оқытушылары, магистранттар мен студенттер белсене қатысып, мерекелік көңіл күй мен шығармашылық шабытты бірге бөлісті. Бағдарлама мазмұнды әрі әсерлі нөмірлерге толы болды.
Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінің түлегі Жұманұр Баян домбырамен «Түрлі арман» әнін орындап, сондай-ақ атақты «Көроғлы» күйін шеберлікпен тартты.
Лингвистика мамандығының 1-курс магистранты Оразақын Аңсар гитара сүйемелдеуімен «Отан Ана» әнін орындаса, 2-курс «Екі шет тілі» мамандығының студенті Құрманалина Інжу Мұқағали Мақатаевтің «Ғашықпын» өлеңін ағылшын және француз тілдерінде мәнерлеп оқыды. Сондай-ақ 2-курс «Екі шет тілі» мамандығының студенті Марат Адель өзінің авторлық «Language» атты өлеңін оқып, көпшілік ықыласына бөленді.
Лингвистика мамандығының докторанттары да кештің көркін қыздырды: Бейсенхан Самал Төлеген Айбергеновтің «Ана» өлеңін әсерлі жеткізсе, Шынатай Елімай «Мен деп ойла» әнін орындады. Ал Ерсұлтанова Қаракөз халық әні «Дедім-ай ау» әнін шырқап, кештің шарықтау сәтіне айналдырды.
Іс-шара халықаралық деңгейде өтіп, шетелдік қатысушыларды да қамтыды. АҚШ-тағы University of South Florida докторанты, «Болашақ» бағдарламасының түлегі Ерсұлтанов Дәурен Жамбылұлы онлайн форматта қатысып, құттықтауын жолдады. Сондай-ақ, М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің Журналистика бағдарламасының 4-курс студенті Альжева Снежананың Алғыс айту күніне арналған бейнеролигі ұсынылды.
Шара барысында әр тілде өлеңдер оқылып, жүрекке жылы әндер шырқалды, домбыра мен гитара үні кештің көркем үйлесімін арттыра түсті. Baur¬sak Party аясында ұлттық дастарқан жайылып, қатысушылар еркін форматта пікір алмасып, бір-біріне жылы лебіздерін білдірді.
Іс-шара факультет ұжымы мен білім алушылар арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, мәдени-рухани құндылықтарды дәріптеген тағылымды әрі мазмұнды кеш ретінде есте қалды.
Ұйымдастырушылар: Түркітану және тіл теориясы кафедрасының PhD, аға оқытушылары Исмайлова Н.А., Қондыбаева Р.Ж., «Лингвистика» білім беру бағдарламасының 1-курс докторанттары.
Басқа жаңалықтар