ҚазҰУ ЖИ бойынша Қытай университетімен тәжірибе алмасадыFarabi University
Референдум 15 марта

ҚазҰУ ЖИ бойынша Қытай университетімен тәжірибе алмасады

3 наурыз, 2026

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Сучжоу қалалық партия комитетінің хатшысы Фань Бомен келіссөз жүргізді.        Жүздесуге қала вице-мэрі Цзи Цзин мен Сучжоу университетінің ректоры Чжан Цяо қатысты.

Кездесу барысында Фань Бо Сучжоу қаласының Қытайдың шығысындағы маңызына тоқталып өтті. Қалалық партия комитеті хатшысының айтуынша, бүгінде қала басшылығы ғылыми-техникалық инновацияларды дамытуға, жоғары технологиялық өндірістерді қолдауға және заманауи индустриялық экожүйе қалыптастыруға басымдық беріп отыр. Әсіресе «Жасанды интеллект+» форматына негізделген қаланы қалыптастыру бағытында белсенді жұмыс жүргізілуде.

Өз кезегінде Жансейіт Түймебаев  Әл-Фараби атындығы ҚазҰУ-дың Қазақстан мен Орталық Азиядағы көшбасшылық рөлін атап өтті. Университеттің компьютерлік ғылымдар, жасанды интеллект, робототехника және цифрлық технологиялар саласында білікті мамандар даярлаудағы әлеуетіне, сондай-ақ іргелі әрі қолданбалы зерттеулердегі табыстарына тоқталды. Ректор ҚазҰУ соңғы жылдары Сучжоу университетімен және ірі салалық кәсіпорындармен бірлесіп білім, ғылым және өндіріс кластерін дамыту бағыттарында нәтижелі ынтымақтастық орнатқанын жеткізді.

Келіссөз нәтижесінде тараптар академиялық ұтқырлық бағдарламаларын кеңейтуге, оқытушылар мен студенттер алмасуды жандандыруға уағдаласты. Сонымен қатар ҚазҰУ мен Сучжоу университеті бірлескен инновациялық жобаларды іске асыру мақсатында нақты жұмыс жоспарын әзірлеуге ниет білдірді. 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі