- Басты бет
- Жаңалықтар
- Тұрақты дамуды қамтамасыз етудегі психологиялық-педагогикалық зерттеулер: болашағы және дәстүрлер сабақтастығы
Тұрақты дамуды қамтамасыз етудегі психологиялық-педагогикалық зерттеулер: болашағы және дәстүрлер сабақтастығы
2026 жылғы 27 ақпанда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Философия және саясаттану факультеті, Педагогика және білім беру менеджменті кафедрасының ұйымдастыруымен академик Төлеген Тәжібаевтың туғанына 116 жыл толуына арналған «Тұрақты дамуды қамтамасыз етудегі психологиялық-педагогикалық зерттеулер: болашағы және дәстүрлер сабақтастығы» атты халықаралық ғылыми конференция өтті. Іс-шараның мақсаты – психология және педагогика ғылымдарының өзекті мәселелерін тұрақты даму құндылықтары тұрғысынан талқылау, академик Т.Т. Тәжібаевтың ғылыми мұрасын насихаттау, сондай-ақ отандық және шетелдік ғалымдар арасында ғылыми тәжірибе алмасу мен академиялық ынтымақтастықты нығайту болды.
Конференцияға Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарының ғалымдары, сондай-ақ Түркия, Ресей, Өзбекстан және Қытай елдерінің профессор-оқытушылары, халықаралық сарапшылар, жас ғалымдар, докторанттар мен магистранттар қатысты.
Конференцияның құрметті қонақтары қатарында Қазақстан Республикасының Тәжікстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі А. Е. Тәжібаев, педагогика ғылымдарының докторы, Абай атындағы ҚазҰПУ -нің профессоры Б. Д. Сыдыхов, Түркияның Гази университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Юджель Гелишли (онлайн), Ресей Халықтар достығы университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Д.С. Ермаков, Өзбекстан Республикасының Ташкент фармацевтикалық университетінің Қоғамдық ғылымдар кафедрасының меңгерушісі, PhD докторы Х. И. Абдурахмонов (онлайн), сондай-ақ филология ғылымдарының докторы, профессор, Жамбыл атындағы «Қазақ фольклоры мен әдебиеті ғылыми-зерттеу орталығының» директоры А. А. Мауленов және педагогика ғылымдарының кандидаты, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Жолмұхан Түркпен-Ұлы қатысты.
Пленарлық отырыс барысында академик Т.Т. Тәжібаевтың ғылыми-педагогикалық мұрасы, оның педагогика және психология ғылымдарының дамуына қосқан үлесі, білім беру сапасын арттырудың заманауи бағыттары, тұрақты даму жағдайындағы психологиялық-педагогикалық зерттеулердің маңызы, жоғары білім беру жүйесін жаңғырту, кәсіби құзыреттілікті дамыту және білім беруді цифрлық трансформациялау мәселелері жан-жақты қарастырылды. Қатысушылар білім беру жүйесінің өзекті мәселелері бойынша мазмұнды баяндамалар жасап, ғылыми пікір алмасып, өз тәжірибелерімен бөлісті.
Педагогика және білім беру менеджменті кафедрасы
Басқа жаңалықтар