BAQ.KZ

12 мамыр, 2016

ҚазҰУ-де келелі кездесу ұйымдастырылды.  

Кездесуге Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан, Алматы қалалық мәслихатының депутаты Асылхан Төлепов, университеті ректоры Ғалымқайыр Мұтанов қатысты. «Ынтымағы жарасқан халық болып қалыптасуы үшін, ұлттық ой керек. Қазақстан Тәуелсіздігін алғалы қаншама сыннан өтіп келе жатыр, болашақта дәл осы қарқынмен даму барысы жүзеге асады ма деген сұраққа біз тек сөзбен ғана емес, іс-әрекетпен де жауап беруіміз қажет», – деді ректор Ғ.Мұтанов. «Адам баласының эмоцияға берілгіштігі, тереңіне үңілмей тез шешімдер қабылдап қоятындығы баршамызға аян. «Біріңді қазақ, біріңді дос, көрмесең, істің бәрі бос» деп ұлы Абай айтпақшы, бір-біріңе тілектес, ниеттес болмасаң істің бәрі бос болады. Осындай қиын кезеңде бір-бірімізге қолдау көрсетіп, қол ұшын бермеуіміз, араға іріткі салушылар мақсатының орындалғандығы деп білемін», – деп атап өтті Мәжіліс депутаты Бекболат Қанайұлы. Сонымен қатар, «Мәңгілік ел» болып қалыптасу үшін, құлдық санадан арылу керектігіне ерекше тоқталды. Соңғы кезде халық арасында резонанс тудырған «жер мәселесі», Елбасымыздың күні кеше жариялаған мораторийі де көпшілік талқысына түсті. «Ата-бабадан аманат болып қалған кең-байтақ жеріміз, әрбір қазақстандықтың асыл-мұрасы, сол себепті әрқайсысымыз бұл мұраны көзіміздің қарашығындай аялауымыз қажет!» – деп атап өтті Алматы Маслихатының ең жас депутаты Асылхан Төлепов.