Жас зерттеушілерге пәндік ғылыми-әдіснамалық семинар ұйымдастырылдыFarabi University

Жас зерттеушілерге пәндік ғылыми-әдіснамалық семинар ұйымдастырылды

7 наурыз, 2026

 

7 наурыз Философия және саясаттану факультетінде «Сапалы білім беру» тұрақты даму мақсаты және AP22686474 «Қазақ даласы ойшылдарының әлем мұрағаттарындағы араб тілді дереккөздер антологиясы» жобасы аясында магистранттарға «Классикалық ислами дереккөздерді зерттеу әдістері» атты ғылыми-әдістемелік семинар өтті. Спикер – PhD, қауымдастырылған профессор Жамашев Азамат Шутбаевич. Дінтану және мәдениеттану кафедрасының магистранттарына өткен семинардың маңызды бөлімі табақат ілімінің тарихи даму кезеңдері мен классикалық еңбектерге арналды. Ислам әлеміндегі бұл саланың IХ ғасырдан бастап, кейінгі библиографиялық бағыттарға дейінгі эволюциясы жан-жақты талқыланды.

Семинар барысында қазақ даласынан шыққан ғұламалардың мұралары мен отандық зерттеушілердің еңбектеріне ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, Құрбанғали Халидидің «Шығыс қазақ даласының ислами биографиялық сөздігі» мен Сәдуақас Ғылманидың «Заманамызда болған ғұламалардың ғұмыр тарихтары» атты туындылары табақат ілімінің аймақтық ерекшеліктерін айғақтайтын құнды жәдігерлер ретінде қаралды. Ә. Дербісәлі, А. Машани секілді ғалымдардың Отырар, Тараз, Түркістан өңірлерінен шыққан ойшылдарды ғылыми айналымға енгізудегі еңбектері семинардың мазмұнын байыта түсті.

Шара соңында магистранттарға классикалық мәтіндер және қолжазбалармен жұмыс істеуге арналған заманауи цифрлық ресурстар таныстырылды. Бұл әдістемелік семинар жас зерттеушілердің біліктілігін арттырып, отандық ғылымның сапалық деңгейін көтеруге бағытталған маңызды қадам болады деп сенеміз.

Ұйымдастырушылар: дінтану және мәдениеттану кафедрасының меңгерушісі филос.ғ.д., проф. Курманалиева А.Д., PhD, қауымд.проф. Жамашев А.Ш., аға оқытушы Мажен Е.К., докторант Елеусызбаева Н.М.