Әйел – ізгілік пен парасаттың мәңгілік бейнесіFarabi University
Референдум 15 марта

Әйел – ізгілік пен парасаттың мәңгілік бейнесі

6 наурыз, 2026

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультетінде, Жасанды интеллект және Big Data кафедрасында 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай «Әйел – ізгілік пен парасаттың мәңгілік бейнесі» тақырыбында тәрбие сағаты өткізілді. Іс-шара Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарының (ЦУР) 5-мақсаты – Гендерлік теңдік бағытымен үндеседі. Аталған мақсат әйелдердің қоғамдағы рөлін арттыруға, олардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге және гендерлік теңдікті қамтамасыз етуге бағытталған.

Тәрбие сағатына «Деректер туралы ғылым» білім беру бағдарламасының 3-курс студенттері (қазақ бөлімі) қатысты. Іс-шараның кураторы – аға оқытушы Оспан Әсел Ғалымжанқызы.

Тәрбие сағаты барысында студенттермен бірге әйел адамның қоғамдағы орны мен маңызы туралы мазмұнды пікір алмасу өтті. Әсіресе, әйелдердің отбасы мен қоғамдағы маңызды рөлі, бала тәрбиесіндегі ананың ерекше орны, сондай-ақ ғылым мен білім саласындағы әйелдердің жетістіктері туралы кеңінен сөз қозғалды. Қазақстан қоғамындағы әйелдердің тек отбасының тірегі ғана емес, сонымен қатар ғылым, білім, мәдениет және қоғамдық қызмет салаларында белсенді еңбек етіп, ел дамуына елеулі үлес қосып жүргені атап өтілді.

Кездесу барысында Қазақстан тарихында және қазіргі қоғамда өз еңбегімен ел дамуына үлес қосқан көрнекті әйел тұлғалар туралы да айтылды. Студенттер әйелдердің қоғамдағы орны мен олардың табысты жетістіктері жастар үшін маңызды үлгі екенін атап өтті.

Тәрбие сағаты интерактивті форматта өтті. Студенттер өз ой-пікірлерін еркін білдіріп, өз отбасындағы үлгі тұтатын әйелдер туралы әңгімеледі. Көптеген студенттер өздерінің аналары, әжелері немесе ұстаздары туралы айтып, олардың өмірлік тәжірибесі, еңбекқорлығы мен адамгершілік қасиеттері өздеріне үлкен мотивация беретінін жеткізді. Бұл пікірлер студенттердің отбасы құндылықтарына деген құрметін арттырып, әйел тұлғасының қоғамдағы маңызын терең түсінуге мүмкіндік берді.

Сонымен қатар, тәрбие сағаты барысында ғылым саласында табысты еңбек етіп жүрген әйел-ғалымдардың рөлі де ерекше атап өтілді. Бүгінгі таңда Қазақстанда көптеген әйел зерттеушілер ғылым мен технологияның дамуына өз үлесін қосып, жас ұрпаққа білім беруде маңызды қызмет атқарып келеді.

Аталған тәрбие сағатының басты мақсаты – студенттердің әйел тұлғасына деген құрметін арттыру, гендерлік теңдік қағидаларын насихаттау және қоғамдағы әйелдердің маңызын түсіндіру. Мұндай тәрбиелік іс-шаралар жастардың рухани-адамгершілік құндылықтарын қалыптастыруға, ұлттық дәстүрлер мен отбасы құндылықтарын құрметтеуге ықпал етеді.