Ғалым Әлия Оспанованың ғылыми жолы дәріптелдіFarabi University
Референдум 15 марта

Ғалым Әлия Оспанованың ғылыми жолы дәріптелді

10 наурыз, 2026

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Ғибратты ғұмыр. Ғылым мен даналыққа толы өмір» атты тәрбиелік кездесу өтті. Е.Ерғожин атындағы залда ұйымдастырылған шара көрнекті ғалым, химия ғылымының докторы, профессор Әлия Қапанқызы Оспанованың 75 жылдық мерейтойына арналды. 

Кездесуге мерейтой иесінің әріптестері, шәкірттері мен студенттері қатысып, өмір жолы ғылымға адалдықтың үлгісіне айналған тұлғаға құрмет көрсетті.

Салтанатты бөлімді химия және химиялық технология факультетінің деканы Мөлдір Дүйсебаева ашып, профессордың отандық білім мен ғылымды дамытуға қосқан ерекше үлесін атап өтті. Оның айтуынша, Әлия Қапанқызы үздік студент пен жас зерттеушіден бастап, физикалық және үйлесімділік химиясы бағытындағы зерттеулері халықаралық деңгейде танылған профессорға дейінгі үлкен ғылыми жолдан өтті.

Сондай-ақ профессордың жетекшілігімен құрылған, медициналық мақсаттағы материалдар мен инновациялық антибактериалды жабындарды әзірлеуге бағытталған «ChemMed» ғылыми зертханасының маңызына ерекше назар аударды. Факультет басшысы Әлия Оспанованың ғылыми қызметі – іргелі ғылымның қоғам мен медицина сұраныстарына тиімді қызмет ете алатынын көрсететін жарқын үлгі екенін айтты.

«Профессор Әлия Қапанқызы Оспанованың өмір жолы – төзімділік пен ғылымға адалдықтың, педагогикалық жауапкершіліктің айқын көрінісі. Оның еңбегі мен жеке өнегесі университет қабырғасындағы көптеген жастарды шабыттандырып келеді», – деді декан.

Шара барысында профессордың өмірі мен ғылыми жолы туралы бейнефильм көрсетіліп, жастармен ашық сұхбат ұйымдастырылды. Ғалым Шығыс Қазақстандағы балалық шағы, ұстаздары және кәсіби жолындағы қиындықтар туралы естеліктерімен бөлісті. Студенттердің сұрақтарына жауап бере отырып, ол нағыз зерттеуші ғылыми пайым мен сыншыл ойлауды қалыптастырып, ақиқатты іздеуден ешқашан жалықпауы тиіс екенін баса айтты.

Ғылыми-педагогикалық қызметі барысында Әлия Оспанова көптеген жас ғалымдарды тәрбиелеп, 350-ден астам ғылыми еңбек жариялады және 30 патенттің авторы атанды. Оның еңбегі «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағымен және «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен жоғары бағаланған.

 

 

 

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі