Ректор жаңа Конституцияны талқылауға арналған жиынға қатыстыFarabi University
Референдум 15 марта

Ректор жаңа Конституцияны талқылауға арналған жиынға қатысты

13 наурыз, 2026

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен «Жаңа прогрессивті Конституция – біздің бірлігіміздің негізі: білім, ғылым, инновациялар, мәдениет» тақырыбындағы дөңгелек үстел отырысына қатысты. 

Шараға ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев, Қазақстан жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов, ЖОО ректорлары, ғылыми-зерттеу институттарының директорлары, сарапшылар, ғалымдар және қоғамдық ұйым өкілдері жиналды.

«Достық» үйінде өткен жиында қатысушылар жаңа Конституцияның мәні мен маңызы, сондай-ақ оның елдің болашақ дамуына ықпалы туралы пікір алысты.

Шара барысында Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа Конституция еліміздің технологиялық дамуына, жасанды интеллектіні дамытуға және жаппай цифрландыруға жол ашатыны туралы айтқан сөзін алға тартты. Бұл бағыттар Қазақстанның әділетті әрі өркендеген мемлекет ретінде дамуына серпін беретінін жеткізді.

Дархан Амангелдіұлы Алматыда конституциялық реформаларды түсіндіру және талқылау жұмыстары кең ауқымда жүргізілгеніне тоқталды. Қалада сарапшылар мен ғылыми қауымдастықтың қатысуымен бірқатар талқылау алаңдары ұйымдастырылып, жоғары оқу орындарында, ғылыми орталықтарда және сараптамалық клубтарда академиялық пікірталастар өткізілген. Сонымен қатар қала тұрғындары, жастар, студенттер, еріктілер, үкіметтік емес ұйымдар және шығармашылық зиялы қауым өкілдерімен жүздеген кездесулер ұйымдастырылды.

Сондай-ақ дөңгелек үстел отырысында ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев, Қазақстан жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов, «Альтернатива» өзекті зерттеулер орталығының директоры Андрей Чеботарев, Философия, саясаттану және дінтану институтының бас директоры Айгүл Сәдуақасова, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың бірінші проректоры Еркін Дүйсенов және «G-35» студенттік көшбасшылар бірлестігінің үйлестірушісі Мәриям Дуанбек сөз сөйлеп, пікірлерін ортаға салды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі