АМАЛ МЕРЕКЕСІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!Farabi University
Референдум 15 марта

АМАЛ МЕРЕКЕСІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

14 наурыз, 2026

Құрметті әріптестер, оқытушы-профессорлар құрамы және білім алушы жастар!

 

Сіздерді Әз Наурыздың бастауы – Амал күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Халқымыз үшін «Амал мерекесі» – қыстан аман шығып, жаңа жылды жақсылықпен қарсы алудың, ағайын арасындағы өзара татулық пен  кешірімділіктің жарқын көрінісі. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей: «Амал келгенде амандық білісу – көне заманнан жалғасқан айрықша дәстүріміз. Бұл күні халқымыз бауырмалдық пен мейірімділікті дәріптеп, ұрпақ бойына асыл қасиеттерді сіңіре білген». Бүгінде бұл құндылықтар еліміздің «Адал азамат» тұжырымдамасымен толық үндесіп, қоғамда жаңа мазмұнмен жалғасып келеді.

Қара шаңырағымызда бұл күнді ұлықтау тұрақты үрдіске айналды. ҚазҰУ дәстүрлі «Наурызнама» онкүндігін  ұйымдастыру арқылы ұлттық құндылықтарды насихаттауға сүбелі үлес қосуда.

Біздің көпұлтты ұжымдағы «ұстаз бен шәкірт» сыйластығы, ғалымдар мен жас зерттеушілер арасындағы сабақтастық осы Көрісу мерекесінің философиясымен тікелей астасып жатыр. Дәстүрге берік, бірлігі жарасқан ұжымның ғана болашағы баянды, іргесі берік болары сөзсіз.

Биыл Көрісу күні қасиетті Рамазан айымен тұспа-тұс келіп, қоғамдағы ізгілік, мейірімділік пен өзара қолдаудың маңызын тағы да айқындай түсуде.

Осынау шуақты күні әрбір шаңыраққа бақ-береке, ырыс пен ынтымақ тілеймін. Ақ ниетпен қол алысып, төс қағыстырған бауырмал көңілдеріңіз ортаймасын!

Еліміз аман, жұртымыз тыныш, әділетті Қазақстанның іргесі мықты болсын!

 

Ізгі ниетпен,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің

Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ