Мақсат – жаңа буын зерттеушілерін қалыптастыру
Қазақстан Республикасы Президентінің жасанды интеллект пен цифрлық трансформацияны дамыту жөніндегі тапсырмалары аясында Физикалық химия, катализ және мұнайхимия кафедрасының ұйымдастыруымен «Білім беру саласындағы жасанды интеллект: мүмкіндіктері мен келешегі» тақырыбында халықаралық деңгейдегі қысқы мектеп өтті. Іс-шара гибридтік форматта Алматы қаласындағы Аюсай шатқалында орналасқан TAU HUB коворкинг орталығында ұйымдастырылды.
Қысқы мектептің өтуіне Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, сондай-ақ халықаралық серіктес LUPIC жобасы аясындағы SeoulTech университеті (Корея Республикасы) қатысты. Сонымен қатар Өзбекстан және Қырғызстан университеттерінен онлайн форматта қосылған серіктестерді қоса алғанда, іс-шараға 50-ге жуық қатысушы жиналды.
Қысқы мектептің негізгі мақсаты – қатысушылардың пәнаралық зерттеу құзыреттерін дамыту, химия саласына деректер ғылымы мен жасанды интеллект құралдарын енгізу арқылы жаңа буын зерттеушілерін қалыптастыру, сондай-ақ университеттер арасындағы ғылыми-білім беру ынтымақтастығын нығайту болды.
Іс-шара бағдарламасы бірнеше мазмұнды бағыттарды қамтыды. Атап айтқанда: Data-Driven Science аясында химия мен экология саласындағы деректерді талдау және модельдеу, зерттеушілерге арналған AI/LLM құралдарын қолдану, үлкен деректер мен суперкомпьютерлік есептеулер мәдениеті, сондай-ақ химияны оқытудағы білім беру инновациялары мен кері байланыс мәдениетін жетілдіру мәселелері қарастырылды. Сонымен қатар Chemistry және AI бағытындағы бірлескен пилоттық жобалар мен зерттеу интенсивтеріне ерекше назар аударылды.
Қысқы мектептің модераторы Асхат Елтаев іс-шараны ашып, LUPIC жобасының мақсаты мен демеушілік қолдауы туралы таныстырды. Бірінші сессия «Химия және қоршаған ортадағы Data-Driven Science» тақырыбына арналды. Бұл сессияда SeoulTech университетінің профессоры Хи Джи Пак «SeoulTech-та робототехника және жасанды интеллект зерттеулері: бүгінгі бағыттар» тақырыбында баяндама жасады. Сондай-ақ профессор Нұрбол Аппазов «Химиялық технология мен экологиядағы Data-Driven Science парадигмасы» туралы сөз қозғап, Нұрлан Құлмырзаев «Қорқыт Ата университетінің ғылыми-зерттеу экожүйесіне жасанды интеллектіні интеграциялау» жолдарын ұсынды. Ал Жанарыс Түбекбаев «Ғалымдарға арналған жасанды интеллект құралдарына» тоқталды.
Екінші сессия «Жасанды интеллект және озық деректер талдауы» тақырыбында өтті. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Жасанды интеллект және Big Data кафедрасының меңгерушісі, профессор Мәдина Мансұрова «Ірі тілдік модельдердің білім берудегі шешім қабылдауды қалай жеңілдететіні» туралы баяндады. «Astrophysics in Data Science» орталығының директоры, PhD Алдияр Агишев «Астрофизикалық есептерге арналған суперкомпьютерлік шешімдерге» тоқталды. Сонымен қатар кафедра оқытушысы Қанат Амантайұлы «Университеттік химияны оқытуда жасанды интеллект пен машиналық оқытуды қолданудың практикалық, педагогикалық қырларын көрсетті. Магистрант Рамазан Қажденбеков «Оқу және ғылыми-зерттеу үдерісіндегі жасанды интеллектінің рөлі» туралы баяндама жасады.
Қысқы мектептің үшінші сессиясы панельдік талқылау форматында өтіп, «Жасанды интеллект – химия, білім беру және пәнаралық зерттеулер болашағының катализаторы» тақырыбына арналды. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің өкілдері – PhD Мейрам Атаманов «Химиядағы жасанды интеллект: болжаудан – автономды ашылымға дейін» және PhD Бағдара Мұқатай «Қазақстандық контекстегі кері байланыс мәдениеті: ЖИ қолдайтын кері байланысты интеграциялау» тақырыптарында мазмұнды баяндамалар жасады.
Іс-шара барысында қатысушылар білім беру саласындағы заманауи жасанды интеллект технологиялары, халықаралық тәжірибе мен үздік практикалар, сондай-ақ оқыту үдерісін цифрлық трансформациялау перспективалары жөнінде кеңінен пікір алысты. Өзекті мәселелер бойынша терең әрі жан-жақты талқылаулар жүргізілді.
Факультет деканы Мөлдір Әкімжанқызы мен кафедра меңгерушісі Ермек Айтқазыұлы халықаралық қысқы мектеп білім беру саласындағы цифрлық құзыреттерді дамытуға, инновациялық тәсілдерді енгізуге және академиялық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған тиімді алаңға айналғанын және аталған іс-шара елімізде жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды дамытуға басымдық берілген стратегиялық міндеттермен үндесіп, білім беру жүйесінің сапасын арттыруға және адами капиталды дамытуға елеулі үлес қосқанын айтып қорытындылады.
Гүлбану ЖАҚСЫЛЫҚОВА,
Физикалық химия, катализ және мұнайхимия кафедрасының доценті
Басқа жаңалықтар