ТДМ 5 – Гендерлік теңдікFarabi University

ТДМ 5 – Гендерлік теңдік

17 наурыз, 2026

Аға оқытушы Амантай Т.Қ. «Математика» мамандығы бойынша механика-математика факультетінің студенттерімен «ТДМ 5: Гендерлік теңдік» тақырыбында сабақ өткізді. Сабақтың мақсаты – студенттерге қазіргі қоғамдағы ерлер мен әйелдер үшін тең құқықтар мен мүмкіндіктердің маңыздылығын түсіндіру.

Сабақ барысында студенттер екі топқа бөлінді. Бірінші топ «Әлемдегі ер адамның рөлі» тақырыбында постер дайындап, ер азаматтардың қоғам, ғылым, экономика және отбасы дамуына қосқан үлесін көрсетті. Екінші топ «Әлемдегі әйелдің рөлі» тақырыбында постер жасап, әйелдердің білім, мәдениет, ғылым және қоғамдық өмірдегі орнын атап өтті.

Жұмыстарын таныстырғаннан кейін студенттер интерактивті тапсырма орындады. Оларға 100 түрлі мамандық беріліп, әр мамандық кімге көбірек сәйкес келеді деген сұрақ қойылды. Мамандық атаулары стикерлерге жазылып, тақтаға орналастырылды.

Тапсырма нәтижесінде ерлер мен әйелдерге бөлінген стикерлер саны тең болды. Бұл студенттерге маңызды қорытынды жасауға мүмкіндік берді: мамандық таңдау гендерге байланысты емес, адамның қабілеті мен қызығушылығына байланысты.

Сабақ белсенді және шығармашылық форматта өтті. Бұл студенттердің сыни ойлауын дамытуға, топпен жұмыс істеу дағдыларын жетілдіруге және гендерлік теңдік қағидаларын құрметтеуге ықпал етті.