«17 наурыз – Шаңырақ күні»Farabi University

«17 наурыз – Шаңырақ күні»

17 наурыз, 2026

2026 жылдың 17 наурызында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультеті, Түркітану және тіл теориясы кафедрасының ұйымдастыруымен «17 наурыз – Шаңырақ күні» атты мәдени-танымдық іс-шара өтті. Аталған шара «Шет тілі: екі шет тілі» мамандығы бойынша білім алушы студенттер арасында ұйымдастырылып, филология факультетінің №17 жатақханасында өткізілді.

Іс-шараның негізгі мақсаты – шаңырақ ұғымының мәнін ашу, отбасы құндылықтарын дәріптеу, ұлттық салт-дәстүр мен рухани мұраны насихаттау болды. Қазақ халқы үшін шаңырақ – тек отбасының белгісі ғана емес, ұрпақтар сабақтастығы мен бірліктің, береке мен ынтымақтың символы екені кеңінен айтылды.

Бағдарлама барысында студенттер ұлттық рухты көтеретін әндер шырқап, дәстүрлі билер биледі. Сонымен қатар, домбыраның күмбірлеген үні кештің сәнін арттырып, қатысушыларға ерекше әсер сыйлады. Қонақтарға арнап жайылған дастарханда ұлттық тағамдар ұсынылып, қазақы қонақжайлылықтың үлгісі көрсетілді. Іс-шара аясында бата беріліп, ізгі тілектер айтылды.

Шараның танымдық бөлігінде викториналық сұрақтар ұйымдастырылып, студенттердің ұлттық мәдениет пен салт-дәстүрге қатысты білімдері сыналды. Қатысушылар белсенділік танытып, өзара ынтымақтастық пен қызығушылық көрсетті.

Іс-шараға кафедра оқытушылары да қатысып, студенттердің бастамаларына қолдау білдірді. Мұндай мазмұнды әрі тәрбиелік мәні зор шаралар жас ұрпақтың ұлттық сана-сезімін қалыптастырып, отбасылық құндылықтарды құрметтеуге тәрбиелейді.

Шаңырақ күні аясында өткен бұл шара студенттердің рухани дамуына серпін беріп қана қоймай, олардың ұлттық мәдениетке деген құрметін арттыруға және бірлік пен татулықты нығайтуға ықпал етті.

 

Ұйымдастырушы: Түркітану және тіл теориясы кафедрасы, кафедра меңгерушісі Р.А. Авакова. аға оқытушы А.А. Камзина, кафедраның аға эдвайзері К.Б. Аширкулов