«Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де “Open Mind Hall” – еркін ойлау мен пікірталас алаңы ашылды»Farabi University

«Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де “Open Mind Hall” – еркін ойлау мен пікірталас алаңы ашылды»

13 ақпан, 2026

2026 жылғы 13 наурыз күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Философия және саясаттану факультетінде «Дінтанулық зерттеулер және экспертиза орталығының» бастамасымен “Open Mind Hall” – еркін ойлау мен пікірталас алаңының ашылу салтанаты өтті.

Іс-шараның басты мақсаты – дінтану саласындағы ғылыми зерттеулерді дамыту, студенттер мен зерттеушілер үшін заманауи пікір алмасу алаңын қалыптастыру, сондай-ақ ғылыми ынтымақтастықты нығайту болды.

Аталған шараға Философия және саясаттану факультетінің деканы Б.Б. Мейрбаев, Алматы облысы Дін істері басқармасы басшысы Ерғали Ахилбекұлы, Жетісу облысы Дін істері басқармасы басшысы Сағыныш Асқарұлы, Дінтану және мәдениеттану кафедрасының меңгерушісі Айнұр Дүрбелеңқызы Құрманалиева, сондай-ақ әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Тарих факультеті деканы Байгунаков Досбол Сүлейменұлы, профессор Бишманов Қакимжан Мұратжанұлы, «Дінтанулық зерттеулер және экспертиза орталығы» директорының орынбасары Нүсіпханов Т.Н., Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының КММ «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» басшысы Ибрагимов Дулат Ерсайынұлы, профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер қатысты.

Шара барысында құрметті қонақтар құттықтау сөз сөйлеп, дінтану ғылымының қоғамдағы маңызы мен жастардың дұрыс діни танымын қалыптастыру мәселелеріне тоқталды.

Іс-шара аясында Дінтанулық зерттеу және экспертиза орталығы кітапханасының лентасын қию рәсімі өткізіліп, орталықтың кітап қорымен таныстыру жұмыстары жүргізілді. Қонақтар кітапхана қорындағы дінтану, исламтану және мәдениеттану салалары бойынша ғылыми еңбектермен танысты.

Жаңа “Open Mind Hall” алаңы студенттер мен зерттеушілер үшін еркін пікір алмасу, ғылыми талқылау және жаңа идеяларды дамытуға арналған маңызды кеңістік болмақ.