«Ұлттық киім – мәдениет көрінісі»
18 наурыз – Наурыз мерекесі аясындағы «Ұлттық киім кию күні» халқымыздың мәдени мұрасын дәріптеуге арналған ерекше күндердің бірі. Бұл күні әрбір азамат ұлттық киім киіп, өз халқының тарихы мен дәстүріне деген құрметін көрсетеді. Химия және химиялық технология факультетінде «Ұлттық киім кию күні» кең көлемде аталып өтті. Факультет оқытушылары мен студенттері қазақтың ұлттық киімдерін киіп, оқу процесінде де, күнделікті қызмет барысында да ұлттық нақышты насихаттады. Бұл шара факультет ұжымының бірлігін арттырып қана қоймай, жас ұрпақтың ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығын күшейтуге бағытталды.
Ұлттық киім – халқымыздың тұрмыс-тіршілігін, эстетикалық талғамын, әлеуметтік мәртебесін көрсететін маңызды мәдени мұра. Қазақтың ұлттық киімдері табиғатқа бейімділігімен, ыңғайлылығымен және ерекше ою-өрнектерімен ерекшеленеді. Әрбір киім түрі – камзол, шапан, сәукеле, тақия – өзіндік мағынаға ие және белгілі бір жас ерекшелігі мен әлеуметтік жағдайды білдіреді.
Ұлттық киім күнінің мақсаты - ұлттық құндылықтарды сақтау және насихаттау, жастардың мәдени мұраға деген қызығушылығын арттыру, қазақ халқының дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын дәріптеу, ұлттық бірегейлікті нығайту.
Ұлттық киім күнінің маңызы - тек киім кию ғана емес, бұл – тарихқа құрмет, дәстүрге тағзым. Мұндай шаралар арқылы қоғамда ұлттық сана қалыптасып, мәдени мұраның ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуына мүмкіндік туады.
Факультет ұжымы бұл бастаманы қолдай отырып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуді әрі қарай да жалғастыра бермек.
Факультеттің әлеуметтік-тәрбие жұмыстары жөніндегі декан орынбасары Жақсылықова Г.Ж.

Басқа жаңалықтар