«Марғұлан оқулары» басталдыFarabi University

«Марғұлан оқулары» басталды

18 наурыз, 2026

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Марғұлан оқулары – 2026» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясының салтанатты ашылуы өтті. Айтулы шараға Қазақстан, Орталық Азия, Еуропа және АҚШ-тың 100-ден астам жетекші археологтері мен тарихшылары жиналды.

Конференцияны ашқан ҚазҰУ-дың тарих факультетінің деканы Досбол Байғонақов «Марғұлан оқуларының» маңызына тоқталды. Оның айтуынша, жиын археология ғылымының заманауи трендтері айқындалатын негізгі диалог алаңына айналған. Декан конференцияның ҚазҰУ базасында өтуі университеттің ірі зерттеу орталығы ретіндегі мәртебесін тағы бір мәрте айғақтайтынын атап өтті.

Жиынның басты назары Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтының бас директоры Ақан Оңғарұлының баяндамасына ауды. Ол 2025 жылдың қорытындыларын саралай келе, өткен жылдың пәнаралық зерттеулер үшін серпінді болғанын жеткізді. Спикер Алматының көне тарихы мен Сарыарқа және Абай облыстарындағы кешенді қазба жұмыстарын қамтитын бес басым бағдарламаны таныстырды. «Біз бүгінде жасанды интеллект пен геоақпараттық жүйелерді (ГӘЖ) археологияға белсенді енгізіп жатырмыз. Бұл технологиялар тарихи-мәдени мұраны қорғауды мүлдем жаңа, сапалы деңгейге көтеруге мүмкіндік береді», – деді Ақан Оңғарұлы.

Конференция аясында ғалымдар цифрлық археология, палеогенетика және реставрация мәселелерін талқылап жатыр. Ауқымды шараның қорытындысы бойынша ғылыми материалдар жинағы мен «Қазақстандағы далалық зерттеулер – 2025» атты арнайы басылым жарық көрмек.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі