ҚазҰУ-да этно-стиль үлгілері таныстырылды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Наурызнама» онкүндігі аясында ұлттық киімдердің заманауи көрмесі өтті. «Қазақи киім – ұлт мәдениетінің айнасы» атты шарада дәстүрлі мұра мен бүгінгі сән үлгілері тоғысқан бірегей үлгілер көпшілікке ұсынылды.
Бұл шараның басты мақсаты – ұлттық құндылықтарды жастар арасында этно-стиль арқылы дәріптеу. Көрмеге қойылған киімдерде қазақтың бай ою-өрнегі мен көне қолөнер элементтері заманауи пішімдермен шебер үйлесім тапқан.

«Бүгінде ұлттық киім тек мерекелік атрибут қана емес, заманауи жастар стилінің ажырамас бөлігіне айналып келеді. Этно-стильдегі киімдерді күнделікті гардеробқа енгізу – ұлттық кодты сақтаудың ең тиімді жолы», – дейді ұйымдастырушылар.

Таныстырылым барысында студенттер мен оқытушылар отандық дизайнерлердің еңбектерімен танысып, әрбір бұйымның жасалу тарихы мен ондағы нышандардың мән-жайына қанықты.

ҚазҰУ-да Наурыз мейрамына арналған мәдени іс-шаралар легі жалғаса бермек. Онкүндік аясында алдағы уақытта ұлттық ойындар мен танымдық кездесулер жоспарланған.














Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар