Көктемнің мейірімге толы мерекесі – Көрісу күніFarabi University

Көктемнің мейірімге толы мерекесі – Көрісу күні

14 наурыз, 2026

2026 жылғы 14 наурыз күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттер қалашығында 14 наурыз – Көрісу күні, Амал мерекесіне арналған кең көлемді мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Ұлттық дәстүр мен рухани құндылықтарды дәріптеуді мақсат еткен бұл шара ерекше жылылық пен көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Іс-шараны студенттер қалашығының мамандары ұйымдастырып, қалашық аумағындағы әрбір студенттер үйін аралап, білім алушыларды көктемнің шуақты мерекесімен құттықтады. Олар студенттерге ізгі тілектерін білдіріп, амандық-саулық, сәттілік пен табыс тіледі. Көрісу күні – адамдардың бір-бірімен қауышып, өкпе-ренішті ұмытып, жаңа жылды ақ ниетпен бастаудың символы екені кеңінен насихатталды.

Мерекелік шара барысында ұлттық салт-дәстүрлерге ерекше мән беріліп, қазақ халқының ежелден келе жатқан әдет-ғұрыптары таныстырылды. Студенттер ұлттық тағамдардан дәм татып, қазақтың дәстүрлі мәдениетімен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды. Сонымен қатар, шара аясында ән шырқалып, жылы лебіздер айтылып, достық пен бірліктің маңызы дәріптелді.

Бұл мереке студенттерге ерекше әсер қалдырып, олардың ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттырды. Көрісу күні – тек қана амандасу емес, бұл – адамдар арасындағы сыйластықты, татулық пен мейірімділікті нығайтатын маңызды күн екені тағы бір мәрте дәлелденді.

Осындай игі бастамалар студенттік ортада рухани байлықты арттырып, жастардың бір-біріне деген сыйластығын күшейте түсетіні сөзсіз.