Жаңару күні – жаңа өмірге қадамFarabi University

Жаңару күні – жаңа өмірге қадам

19 наурыз, 2026

19 наурыз – Жаңару күні. Бұл күні табиғат түрленіп, тіршілік қайта жанданып, жаңа үміт пен жаңа бастамаларға жол ашылады. Жаңару күні – ел өміріндегі және әрбір қазақстандықтың өміріндегі жаңа кезеңнің басталуын білдіретін ерекше мереке. Бұл – алға мақсат қойып, жаңа жобаларды бастап, өмірді жақсарту жолында маңызды шешімдер қабылдайтын уақыт.

Осы орайда, шетел тілдері кафедрасы мен орыс филологиясы және әлем әдебиеті кафедраларының бірлесуімен «Жаңару – жаңа өмірдің бастауы» атты мазмұнды мерекелік іс-шара өтті. Шара барысында шетел тілдері кафедрасының оқытушылары ұлттық киім киіп, қазақ халқының дәстүрін насихаттап, ұлттық тағамдар әзірлеп, келген қонақтарға ұсынды. Бұл көрініс мерекеге ерекше реңк беріп, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге ықпал етті.

Студенттер домбырамен күй шертіп, әсем әндер орындап, кештің көркін қыздырды. Өнер мен дәстүр үйлесім тапқан бұл сәттер қатысушыларға ерекше әсер қалдырды.

Жаңару белгісі ретінде кафедра оқытушылары гүл отырғызып, табиғатпен үндескен игі бастама көтерді. Бұл әрекет жаңа өмірдің, өсіп-өркендеудің және болашаққа деген сенімнің символына айналды.

Осылайша, Жаңару күні университетте ерекше мазмұнда аталып өтіп, барша қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, жаңа кезеңді жақсылықпен бастауға шабыт берді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-і

Филология факультеті

Шетел тілдері кафедрасының

аға оқытушысы Л.М.Алиярова