Ғалым МҰТАНОВ - Нарықтың заңымен санасатын уақыт жетті
Нарықтың заңымен санасатын уақыт жетті
Әрине, тәуелсіздік алып келген және әлем бағынып отырған нарықтық экономиканың өзіндік заңдылықтары бар. Оның талаптарымен санасатын уақыт баяғыда жеткен.
Кез келген нысанның өз иесі болуы керек, оның ішінде жер де бар. Жердің иесі болған кезде ғана оның тиімділігі де өнімділігі де артады. Ендігі жерде сол нарықтың заңын халықтың болмысына, дәстүрлеріне орайластыра отырып, дұрыс шешімдер қабылдауымыз қажет. Бүгін Құнанбай бабамыздың «Ел өседі, мал өседі, бірақ жер өспейді» деген сөздерін де еске алып жатырмыз. Енді сол жерді келешегіміз үшін қалай сақтап қаламыз? Жеріміздің тұтастығын сақтай отырып, ұлан-байтақ даламызды халқымызға қалай қызмет еткіземіз деген сауалдар туындауда.
Бүгінгі алқалы жиында ел зиялылары өз білгендерін ортаға салуда. Бүкпесіз көзқарастар айтылуда. Жай байбаламнан гөрі, ғалымдардың ғылымға негізделген кешенді ойлары да естіліп жатыр. Осы айтылған өзекті ұсыныс-пікірлер жерге байланысты құрылған комиссияның қаперінде болып, асығыс және қате қадамдардың алдын алады деп ойлаймыз. Сондықтан да осы басқосудың өзектілігі өте зор.
Қандай ой ортаға салынса да алдымен халықтың көкейіндегі сөз айтылып және ол алда қабылданатын шешімдерге оң ықпалын тигізеді деп күтеміз.
Ғалымқайыр МҰТАНОВ,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры