Сарапшылар тәжірибе алмастыFarabi University

Сарапшылар тәжірибе алмасты

20 наурыз, 2026

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің өкілдері Абай атындағы ҚазҰПУ базасындағы Сорбонна-Қазақстан институтында өткен «Оқытудың инновациялық моделі. Қазақстан мен Эстонияның білім беру жүйелері» атты халықаралық дөңгелек үстелге қатысты. 

Басқосу екі елдің жетекші сарапшылары, ғалымдары және білім беру ұйымдарының басшыларын біріктірді. Шараны Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология факультеті Алматы қаласы Білім берудегі жаңа технологиялардың қалалық ғылыми-әдістемелік орталығымен бірлесе ұйымдастырды.  

Пікірталастың өзегі – жаһандану жағдайында білім беру жүйелерін трансформациялаудың тиімді жолдарын іздеу. Қатысушылар инновациялық педагогикалық модельдер мен цифрлық технологияларды енгізудің озық тәжірибелерімен алмасты. Сонымен қатар жаңа буын педагогикалық кадрларын даярлау және оқу процесіне жасанды интеллектіні интеграциялау мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Жиында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ филология факультетінің деканы, ҚР ҰҒА академигі Баян Жолдасбекова, деканның орынбасары Жадыра Баянбаева мен Орыс филологиясы және әлем әдебиеті кафедрасының меңгерушісі Алена Демченко сарапшылық баяндама жасады. Секция модераторы ретінде ҚазҰУ-дың аға оқытушысы Сәуле Исалиева сөз сөйледі. Сондай-ақ еліміздің жетекші жоғары оқу орнының өкілдері филологиялық білім беру және мәдениетаралық коммуникация саласындағы әзірлемелерімен бөлісті.

Басқосудың практикалық бөлімі интерактивті сессияны қамтыды. Онда Эстониядан келген қонақтарға, соның ішінде Таллинн вице-мэрі Андрей Канте мен Білім департаментінің өкілі Аурика Меймреге заманауи цифрлық құралдар: топтық оқытуды ұйымдастыруға арналған платформалар, book-story жасау сервистері және тестілеу тапсырмаларын қалыптастырудағы ЖИ мүмкіндіктері көрсетілді.

Дөңгелек үстел нәтижесінде тараптар бірлескен ғылыми-білім беру жобаларын іске асыруға және академиялық алмасуды кеңейтуге уағдаласты.

Айта кетсек, аталған кездесу Таллинн қаласы білім беру қызметкерлерінің халықаралық білім беру тағылымдамасы бойынша ҚазҰУ-ға сапары аясында жүзеге асты. 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі